Баспасөз хабаршысы

2014 жылғы 23 ақпанда «Достық» концерттік залында Павлодар облысының шешен-ингуш диаспорасы өкілдерінің Солтүстік Кавказ халықтарын Қазақстан мен Қырғызстан аумағына депортациялаудың 70 жылдығына арналған кездесуі өтті. Концерттік залдың фойесінде «Дәуір қасіреті.Печальной памяти Указ…» тақырыбындағы фотоқұжаттық көрме ұйымдастырылды.

Көрмеде жұртшылық назарына 1944 жылы шешен және ингуш халықтарының Павлодар облысының аумағына депортациялануы, оларды орналастыру, олардың облыс өнеркәсіптік өндірістеріндегі, совхоздар мен колхоздардағы  еңбек жолдары, отандарына қайта оралуы және т.б. туралы сыр шертетін Павлодар облысының мемлекеттік мұрағаты мен Жеке құрам жөніндегі Павлодар қалалық мұрағатының қорларында сақталған құжаттар ұсынылды.

Сондай-ақ көрмеде Солтүстік Кавказдан арнайы көшірілгендердің шаруашылық пен еңбекте орналасуы туралы анықтамалар, арыздар мен есептер, депортацияланғандардың жаңа жерде жан сақтап қалуға көмек көрсетулерін сұрап атқарушы органдарға, прокуратураға жазған хаттары мен өтініштері, депортацияланғандар еңбек еткен кәсіпорындардың басшылары жасаған тізімдер көрсетілді. Құжаттардың басым бөлігінде кезінде «Құпия», «Ерекше құпия» және «Аса құпия» белгілері болған.

Облыс мемлекеттік мұрағатының көрмесін шешен-ингуш диаспорасы өкілдерінің отбасылық мұрағаттарынан алынған құжаттар: А.Б.Акбиевтің «За отвагу», «За взятие Вены», «За взятие Будапешта» және т.б. медальдардың куәліктері, Ұлы Отан соғысына қатысқан және майданда қаза болған Х.Ц.Яндиев пен О.Ц.Яндиевтің фотосуреттері толықтырды. Бұл құжаттар көптеген шешендер мен ингуштардың отанды фашистік неміс басқыншыларынан қорғау жолындағы шайқастарға, Брест қамалын қорғауға, Малгобек қаласын қорғау үшін жүргізілген ұрыстарға қатысқандығын дәлелдейді.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары А.А. Өрсариев сөйлеген сөзінде осы аталған көрмеге деген жеке қызығушылығын атап өтіп, мұрағат құжаттарының тарихты зерттеуде алатын орны мен маңызын ерекше атап өтіп, барлық қатысқандарды, соның ішнде жастарды тарихи раритеттермен танысуға шақырды.