«Жеңімпаздар» қатарынан қалмауы тиіс

          Жыл өткен сайын Отан үшін ұрыстың маңызы және онда қаза болған бабаларымыздың ерліктері мәңгі жадымызда. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Соғыстың сипаты- Германия тарапынан бұл соғыс агрессиялық, жаулап алушы, әділетсізсоғыс болды, ал Совет Одағы тарапынан әділетті өз жерін қорғаған, азаттық Отан соғысы болды. 1941-1945 жылдар ішінде әскер қатарына  облыстан 40486 адам жөнелтілген.

          Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына дайындық аясында «Павлодар облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесі тарапынан 2015 жылы жарыққа шығатын 1945-1947 жылдары майданнан аман- есен оралып, соғыстан кейінгі бейбіт уақытта еңбек еткен ардагерлеріміз туралы мәліметтер жинақталған «Жеңімпаздар» («Победители») атты Естелік  кітабы жарыққа шығады. 

          Осыған орай облыстың мұрағаттар және құжаттама басқармасының тапсырмасы бойынша 2013 жылдың мамыр айынан бастап Баянауыл бөлімінің мұрағатшылары Баянауыл ауданынан Ұлы Отан соғысына қатысып, елге оралған ардагерлер туралы ақпараттар жинақтауда. Бөлімнің сақтау қорындағы ардагерлердің жеке тектік құжаттары бойынша- 6, ауылдық округтардан – 63, аудандық ардагерлер кеңесінен – 20, аудандық қорғаныс істері бөлімінен- 622, барлығы711 ардагерлер туралы анкеталар толтырылып, облысқа жіберілді. Анкетада Ұлы Отан соғысына қатысқан адамның қайда туғаны, қай жылы, ұлты, майданға қашан шақырылғаны, шені, қай полкте, ротада, батальонда болғаны, қай майданда соғысқаны және фотосуреті көрсетілген. Жоғарыда көрсетілген сандағы ардагерлер туралы мәліметтер аз. Сондықтан марқұм болған ардагерлердің ауылдық елді-мекендерде тұратын жақындары, туған-туыстары, балалары ардагер ағалары туралы деректерді облыстық мемлекеттік мұрағатының Баянауыл бөліміне 2014 жылдың қараша айына дейін әкеліп, (жеке құжаттары, әскери кезеңнің құжаттары, марапаттары, фотосуреттері және т.б.) тапсырулары қажет болып отыр. Құжаттар сканерленіп, иесіне қайтарылады. «Ерлердің ерлігін ұмытпау үшін» игі істі одан әрі жалғастыру баршамыздың міндетіміз. Ел үшін шайқасқан ардагерлеріміз жеңімпаздар қатарында аты аталмай, қалып қоймауы тиіс.

 

 

Баянауыл бөлімінің жоғары

дәрежелі мұрағатшысы  Д. Диқанбаева