«Лебяжі ауданына 75 жыл» фотоқұжаттық көрме

         2014 жылғы 5 қыркүйекте Аққу ауылында Лебяжі ауданының құрылғанына 75 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара болып өтті.

         Аудандық Мәдениет үйінің фойесінде ауданның мерейтойына арнап Павлодар облысы меммұрағаты Лебяжі бөлімінің қызметкерлері «Туған жерім – сен қымбатсың басқадан» атты фотоқұжаттық көрмені көпшіліктің назарына ұсынды.

         Көрмеге Лебяжі ауданының қалыптасуы жолындағы әртүрлі кезеңнен сыр шертетін Павлодар облысы мемлекеттік мұрағатының және облыс меммұрағаты Лебяжі бөлімінің қорынан алынған құжаттар қойылды. Олар – ауданның құрылуы мен қалыптасуы туралы құжаттардың (жарлықтың, қаулылардың, шешімдердің, бұйрықтардың) көшірмелері, Қызыләскер, Малыбай, Шарбақты ауылдық округтерінің ведомстволық мұрағаттарынан алынған ауданның мерейтойлық даталары туралы фотосуреттер.

         Мұрағаттық құжаттар Лебяжі аудандық Еңбекшілер депутаттары Кеңесінің (кейіннен – халықтық депутаттар) атқару комитеті өкілдерінің және 1939-2011 жылдар аралығындағы Лебяжі аудандық әкімшілігі басшыларының фотопортреттері галерея кешенінде көрсетілді.

         Көрмеде ерекше орын алған ауданның атақты адамдары: Социалисттік Еңбек ерлері - Лениногорск полиметалл комбинатының шихташысы Б.Айдархановтың, «Бесқарағай» асыл-тұқым совхозы шопанының көмекшісі Ж.Жанғозиннің, «Бесқарағай» асыл-тұқым совхозының аға шопаны    Б.Оспановтың, «Бесқарағай» асыл-тұқым совхозының шопаны Ж.Сыздықовтың, 23 съезд атындағы совхоздың аға шопандары Қ. Шарбақбаевтың және Қ. Шарбақбаеваның суреттері болды.

         Көрмеге 1939-2011 жылдар аралығындағы 64-тен астам экспонат қойылды.