Даңқ орденінің толық кавалері Рубаев Сапар жайында мәлімет өте аз. Тек оның Павлодар қаласында 1919 жылы туғаны белгілі. Ол 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады. Сонда полк мектебін оқып, бітірген. Майданға 1941жылдың маусымда аттанады. Ол 232–ші танкке қарсы жеке жоюшылар дивизионының 76 мм-лік зеңбірегінің командирі болады.
Соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан ол Ұлы Жеңіс күніне аз ғана уақыт қалғанда қаза тапты.
Даңқ орденінің толық кавалері туралы мәліметтерді әртүрлі дерекөздерінен тірнектеп жинақтауға мәжбүр болдық
2010 жылы біздің Мемлекеттік мұрағат Ұлы Отан соғыс жылдары хабарсыз кеткен Кеңес Одағының Батырлары, Даңқ орденінің үш дәрежесінің толық кавалерлері туралы, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ басқа наградалармен марапатталған павлодарлықтар туралы мәліметтерді іздеу мақсатында Подольск қаласындағы Ресей Федерациясының Қорғаныс Министрлігінің Орталық мұрағатына экспедиция ұйымдастырды.
Осы ізденістің нәтижесінде ҚМОМ–ның құжаттарында Даңқ орденінің І –ші дәрежесімен марапатау туралы марапаттау парағы, І және ІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен, Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттау туралы бұйрықтар табылды. Қазақстан Республикасының мұрағаттарында, алыс және жақын шет елдерде анықталған осы және басқа да құжаттардың көшірмелері Ертістің Павлодар өңірінің тарихы бойынша түпнұсқалық құқына ие болуға жарарлық көшірмелерінің топтамасына негіз болды.
Осы құжаттарда Рубаев Сапар ең бірінші наградасын Зимовники елді мекенінің түбінде дұшпанның қарсы шабуылына тойтарыс бере отырып, танкке қарсы мылтықпен жаудың бір танкін жойғаны үшін 1943 жылы 6-қаңтарда алғаны көрсетілген. Взвод командирі мен екі жауынгердің жараланғанына қарамастан сержант Рубаев дұшпанның жауып тұрған оғының астында жолдастарының жараларын таңып, оларды ұрыс даласынан алып шығады.
Кухары селосының маңындағы 1945 жылғы 19 қаңтардағы ұрыста қарсыластың қайта шабуылын қайтару кезінде Сапар Рубаев пен оның тобы асқан ерлік пен бірліктің үлгісін көрсеткен. Ол басқарған зеңбірек ең ақырғы снарядына дейін неміс тердің жаяу әскерін тура ұңғыдан көздеп атып жояды, ал снарядтар таусылған соң өздерінің қолдарындағы мылтықтарымен неміс шабуылын қайтаруды әрі қарай жалғастырды. Неміс жаяу әскерін біржолата қатардан шығарғанша Рубаевтың зеңбірегі 4 пулемет ұясын жойды және бір оқ-дәрі тиелген автомашинаны жайратты. Осы ерлігі үшін Сапар Рубаев ІІ–дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.
І-дәрежелі Даңқ орденімен ол 1945 жылы неміс-фашист басқын-шыларымен болған ұрыстарда командованиеның тапсырмаларын үлгілі орындағаны үшін марапатталды. Марапатау парағында Сапар Рубаев Ридгрунт, Зассштадт, Кенигсдорф елді мекендері және Леобшютц қаласы үшін жаудың қорғаныс шебін бұзып өткеннен кейінгі шабуыл кезінде зеңбірек тобын басқарғанда жауынгерлік батылдықты, ерлікті әрі Отанға шын берілгендікті көрсеткені аталған.
Оның зеңбірегі әрқашан жауға үзіліссіз, толассыз оқ жаудырып тұрды және тек тура ұңғыдан көздеп атумен ерекшеленді. Біздің жаяу әскерлер шабуылға шеп құрып шыққан кезде Рубаев басқарған зеңбірек тобы ұйымдасқан түрде әрдайым олармен тізе қоса, қимылдады. Осы ұрыстарда оның зеңбірек тобы жаудың бір бронетранспортерін, 17 пулемет ұясын жайратты, миномет батареясының оқ жаудыруын басты, оқ-дәрі тиелген 4 жүк көлігін, екі снайперін жойды. Кенгсдорф селосындағы дұшпанның қарсы шабуылын тойтарғанда оның тобы 17 неміс солдатының көзін құртты және Рубаев жеке өзі немістің солдатын тұтқынға түсірді.
Бір ескертетіні, әуелде осы ұрыс үшін Рубаев І-дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылады, бірақ кейін командование ол одан да жоғары наградаға лайық деп есептейді. Бірақ өкінішке орай, Сапар Рубаевқа өзінің Даңқ орденінің толық кавалері атанғанын көруді тағдыр жазбады.
Өйткені, Сапар Рубаев 1945 жылдың сәуірінде Германия жеріндегі шешуші ұрыстардың бірінде хабарсыз кетеді.
Павлодардағы Даңқ аллеясында оған қоладан ескерткіш бюст орнатылған.
Даңқ орденінің толық кавлері Хайдаров Бақыт туралы мәлімет мүлдем аз. Ол Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Алексеевка селосының тумасы, 1919 жылы туған. 1935 жылы совхозаралық мектепті оқып бітіреді. Кейін Павлодар сүт өнеркәсібі техникумындабілім алады. Әскерге шақырылғанға дейін Павлодар ауданының «Шақат» совхозында бригадир болып жұмыс істеп, үлгереді. 1939 жылы Павлодар қалалық әскери комиссариаты Қызыл Армия қатарына шақырды. Кеңес-фин соғысына қатысқан. Ұлы Отан соғысында Ленинград майданының 46-атқыштар дивизиясының 176-атқыштар полкінің зеңбірек тобының командирі болды.
Бақыт Хайдаров өзінің ең бірінші Даңқ орденін Ленинград майданының 46–атқыштар дивизиясының 176- атқыштар полкінің құрамында соғысып, алдыңғы шепке қару-жарақ оқ-дәріні жеткізгені үшін алған. Майдандағы ұрыстардың бірінде, нақтысы, 1944 жылғы 17 маусымда ол жараланып қалады, бірақ соған қарамастан взвод командирінің саптан шығып қалғанын ескерген ол артиллеристер тобын басқаруды өз қолына алады. Қарсыластардың шабуылына тойтарыс беріп, қару-жарақ оқ-дәрісін дер кезінде жеткізеді.
1945 жылғы қаңтар айындағы шабуылдық ұрыс қимылдарында көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін, атап айтқанда: жаудың 3 танкін, 3 станоктық пулеметін, өздігінен жүретін 3 зеңбрегін жойғаны үшін Б.Хайдаров ІІ-дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады.
Сол өзінің 46-атқыштар дивизиясының құрамында Шығыс Пруссия аумағында 1945 жылдың ақпанының 16–нан 22-не дейнгі аралықта өткен ұрыстарға қатысқанда Бақыт Хайдаров жаудың қорғаныс бекінісін бұза отырып, тағы да батылдық пен ерлік танытты. Ол өзінің зеңбірегінен тура ұңғыдан көздеу арқылы дұшпанның 75-мм-лік 3 зеңбірегін, 4 станокті пулеметін, экипажымен қоса 1 бронетранспортерді жойып жібереді. Осылайша алға қойылған міндетті орындауға зор қолғабыс жасады. Осы жауынгерлік ерлігі үшін І-дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.
Бақыт Хайдаров та, Сапар Рубаевтай Жеңіс күніне аз ғана уақыт қалғанда, нақтысы, 1945 жылдың 11-наурызында майданда қаза тапты. Польша жерінің Госмилзау елді мекені ауданында бауырластар қабірінде жерленді.
Павлодардағы Даңқ аллеясында батырға арнап ескерткіш бюст орнатылды.
Павлодар қаласында және Баянауыл кентінде көшелер Хайдаровтың есімімен аталды. Сондай-ақ, Павлодар облысы Баянауыл ауданының Алексеевка орта мектебіне батыр жерлесіміздің есімі берілді.
Біз Кеңес Одағының Батырлары мен Даңқ орденінің толық кавалерлері туралы әңгімелерді келесі басылымдарда жалғастырамыз.