«Сарыарқа самалы» газетіне арналған мақала - Ер есімі ел есінде

«Сарыарқа самалы» газетіне арналған мақала

Ер есімі ел есінде

       Милевский Максим Иванович – Павлодар облысы Лозов ауданы (қазіргі – Успен ауданы) Павловка селосында кедей шаруалар – Милевский Иван Ефимович пен Милевская Татьяна Борисовнаның отбасында дүниеге келген. Ұлты – украин. Қазан революциясына дейін Милевскийлер отбасы егін шаруашылығымен айналысты, ал 1929 жылы «Буденный» атындағы ұжымшарға мүше болып енді. 1930 жылдан 1941 жылға Максим Милевский Павловка орта мектебінде оқуға түсіп, 1941 жылы 8 сыныпта отбасының нашар тұрмыстық жағдайына байланысты оқуды тастап кетуге мәжбүр болады. Ал өзі  «Буденный» атындағы ұжымшарда еңбек жолын бастады.

       1942 жылдың ақпан айында он тоғыз жастағы Максим Милевскийді Лозов аудандық әскери комиссариаты Қызыл Армия қатарына шақырып, Чуваш АКСР-ның Чебоксары қаласындағы кіші командирлер мектебіне жібереді. Кіші командирлер мектебін тамамдағаннан кейін, ол өз еркімен майданға аттандыру туралы рапорт жазып, соғыс қимылдарына 1942 жылдың желтоқсан айынан бастап Сталинград майданы, 1943 жылдың наурыз айынан бастап Оңтүстік майданы, 1943 жылдың тамыз айынан бастап 4-ші Украин майданы, 1944 жылдың шілдесінен бастап 1-ші Прибалтика майданы, 1944 жылдың желтоқсан айынан бастап 3-ші Белорус майданы құрамында араласқан.

       Максим Ефимович Милевский 3-ші Белорус майданының 2 гвардиялық армияның 3-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы 12 гвардиялық жеке танкіге қарсы жойғыш дивизионы құрамындағы зеңбірек командирі бола отырып, 1945 жылдың 5 ақпаны күні Польшаның Бартощице қаласынан солтүстік-батысында орналасқан Занд кентінің маңында шайқасқа түсіп ерлік көрсеткен.

       Сол күні Занд кентінің маңында фашисттік басқыншылар өздерінің сандық жағынан басымдықтарын пайдалана отырып, кеңестік атқыштар құрамаларын бірашама ығыстырған болатын.

       Сержант Милевскийдің зеңбірегіне қарай бір ротаға жақын араққа мастанып тойып алған неміс автоматшылары жақындап келеді. Осы қалыптасқан ауыр жағдайға қарамастан Милевский өзінің зеңбірегімен төніп келе жатқан гитлершілерге қарсы атысты бастады.

       Бірінші сәтсіз аяқталған шабуылдан кейін, неміс басқыншылары өздерінің күштерін қайта жинап, одан да жойқын күшпен қайта шабуылға кіріседі. Бұл жолы Милевскийдің табанды тойтарыс беруіне қарамастан, бірнеше фашисттік автоматшылар зеңбірекке тым жақын келіп орналасуға үлгереді. Жаудың Милевский басқарып отырған зеңбірек расчетын қоршап алып, оны ондағы зеңбірекшілермен бірге қолға түсіру қаупі төнді.

       Осы кезде Милевский зеңбірек маңында бір ғана көздеушіні қалдыруға бұйырып, өзі қалған расчет құрамын бастап, «Отан үшін», «Сталин үшін» –  деген ұранмен қарымта шабуылға кіріседі. Кеңестік жауынгерлердің тегеурінді шабуылына шыдамаған жау басқыншылары қайта шегінуге мәжбүр болады. Ал Милевский осы тұста шегініп бара жатқан жауға қарсы зеңбірегімен оқ боратып ажал құштырады.

       Көп ұзамай Милевский расчеты бағытына немістің «Фердинанд» атты 2 өздігімен жүретін зеңбірегі аттанып, алыс қашықтықтан атқылай бастады. Милевский бір «Фердинандты» 400 метр қашықтыққа жақындауға мүмкіндік беріп, бірінші атыстан-ақ жойып жібереді.

       Осы күні Милевский өзінің расчетымен бірге жаудың төрт шабуылына тойтарыс берген, бір «Фердинандтың»  және 60 немістің көзін жойған. Ал Милевский өзінің жеке карабинімен 12 немісті жойды.

       Осы ерліктен кейін Милевский Максим Ивановичке «Жаудың қарымта шабуылдарын қайтаруда көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін» Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Мұның алдында Милевский  «Сталинградты қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», 2 рет «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен;1943 жылы – «Қызыл жұлдыз», 1944 жылы – ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған болатын. Ал 2004 жылы ол мемлекет алдындағы ерең еңбегі үшін Қазақстан Республикасының «Парасат» орденімен марапатталған еді.

       1945 жылдың қараша айында демобилизациядан кейін Максим Иванович бейбіт өмір қалпына көшіп, 1946-1948 жылдар аралығында Лозов ауданының Надаровский МТС-нде есепші, 1948-1956 жылдары Лозов аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік милиционер, 1956-1959 жылдары Лозов аудандық техникалық станциясында шофер, 1959-1960 жылдары Лозов ауданының Павлов ауылдық Кеңесінің төрағасы, 1960-1963 жылдары Лозов ауданының «Заря коммунизма» ұжымшарының төраға орынбасары, т.б. қызметтерді атқарған.

       Милевский Максим Иванович 2005 жылдың 30 тамызында қайтыс болды. Павлодар облысының Успенка ауылында жерленген. Өзінен кейін ол 3 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп өсірді. Оған арналған ескерткіш Павлодар қаласының Жеңіс алаңында орнатылған, ал 2007 жылы Успенка ауылының орталық алаңында орнатылды. Қазіргі таңда Успенка ауылының бір көшесі оның атына ие.

 

 

Абильденов Саят, «Павлодар облысының мемлекеттік мұрағаты» КММ-нің  ғылыми-ақпараттық бөлімінің мұрағатшысы