2015 жылдың 4 маусымы күні «Павлодар облысының мемлекеттік мұрағаты» КММ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының Қазақстан халқы Ассамблеясы және Еуразиялық ықпалдастық орталығы Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы Жылына және Павлодар облысы мемлекеттік мұрағат қызметінің 90 жылдығына арналған «Қазақстан халқының ұлтаралық және мәдениаралық қарым-қатынасының тарихындағы мемлекет, қоғам, мұрағат» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Конференцияға қоғам және саяси қайраткерлер, жақын және алыс шетелдерден ғалымдар, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағат қызметтерінің, Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен мамандары, Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері, Павлодар қаласындағы жоғары оқу орындарының өкілдері, мәдениет қязметкерлері қатысты.
Конференцияны Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Сейсенбай Қалижанұлы Жетпісбаев ашты. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы – бұл «Қазақстан – 2050» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуге және «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыруға бағытталған ауқымды нақты істерді жүзеге асыру жылы және осыған байланысты облысымызда Қазақстан халқының бірлігін дәріптейтін бірқатар іс-шаралар өткізіліп жатқандығын, Халықаралық ғылыми-практикалық конференция - бұл мемлекеттік этносаясаттың өзекті жағдайы мен болашағы, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтаудағы, ұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттау мен нығайтудағы мұрағат қызметінің рөлі мен орны талқыланатын тағы бір маңызды диалог алаңы екендігін атап өтті.
Конференцияға қатысушыларды құттықтап, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Кемерұлы Әшімбетов сөз сөйледі.
Сондай-ақ Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, философия ғылымдарының докторы, Нұрғали Рахымғалиұлы Аршабеков те конференцияға қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі.
Сонан соң төраға С.Қ. Жетпісбаев Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ректоры, профессор, педагогикалық білім беру Халықаралық ғылым академиясының академигі Ерлан Батташұлы Сыдықовтың конференцияға қатысушылар мен облыс мұрағатшыларын мерейтойларымен құттықтау сөзін оқыды.
Конференцияны облыс меммұрағатының директоры Қ.Ғ. Мақажанова «Павлодар облысы мемлекеттік мұрағат қызметіне – 90 жыл» атты тақырыптағы баяндамасымен ашты. Қ.Ғ. Мақажанова өзінің баяндамасында облыс мұрағат қызметінің даму кезеңдері, онда сақталған құжаттардың құрамы мен мазмұны жайлы мағлұмат беріп, мұрағаттың зерттеу және басылым жұмысы жайында айтып берді және конференцияға қатысып отырған барлық мұрағат қызметінің қызметкерлерін мерейтойларымен құттықтап, алдағы жұмыстарына жетістіктер тіледі. Қ.Ғ. Мақажанованың баяндамасымен қатар облыстың мұрағат қызметі туралы фильм көрсетілді.
«Қазақстан халқының ұлтаралық және мәдениаралық қарым-қатынасының тарихындағы мемлекет, қоғам, мұрағат» тақырыбындағы пленарлық мәжілісте Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағат қызметтерінің, алыс және жақын шетел ғалымдары, Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен мамандары өздерінің баяндамаларын жасады.
Холокоста Ұлттық музейінің өкілі Дубсон Вадим (АҚШ, Вашингтон қ.) «Эвакуация советских евреев в 1941 году в зеркале статистики (Ресей, Белоруссия, Қазақстан және Қырғызстан мұрағаттарының материалдары бойынша)» атты тақырыпта баяндама жасады. Онда Ұлы Отан соғысы жылдарында эвакуацияланған еврей халықының саны туралы талқылау жасауға мүмкіндік беретін Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағатының, Экономика жөніндегі Ресей мемлекеттік мұрағатының және Әлеуметтік-саяси тарих жөніндегі Ресей мемлекеттік мұрағатының құжаттарына жасалған талдау келтірілген; Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының бас сарапшысы Евгения Викторовна Чиликова (Алматы қ.) ҚР Президентінің Мұрағаты дайындаған құжаттық жиынтықтар туралы айтып берді; Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Еуразия» ҒО-ның директоры, ҰГК-нің ғылыми хатшысы, «Халықтар келісімі» ҚҚ-нің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдиновтің баяндамасы (Астана қ.) Қазақстанда тарих ғылымдары мен мұрағат ісін дамытудың бірқатар мәселелеріне арналды. Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінің жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі Валерий Анатольевич Бармин (Ресей, Барнаул қ.) конференция жұмысына қатысу туралы шақыруымызға қуана үн қатты. Оның баяндамасы ХХ-ғасырдың екінші ширегіндегі орта азиялық кеңестік республикаларының шекараға жақын орналасқан аудандарындағы және қытайлық Синьцзян провинциясындағы көші-қон үдерісіне арналды. Осы іс-шараға қатысу туралы шақыруымызға алғашқылардың бірі болып үн қатқан тарих ғылымдарының докторы, доцент, МААО академигі, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінің меңгерушісі Галина Николаевна Ксенжик (Алматы қ.) болды. Оның баяндамасы шетелдік мұрағаттарда сақтауда тұрған және қазақтың тарихын бейнелейтін картографиялық деректерге арналды. Павлодар мұрағатшыларының Омбы облысы Тарихи мұрағатымен көп жылғы достық қатынасы арадағы байланысты ұштастырып келеді. Азамат соғысы тарихын зерттеу орталығының басшысы Галина Юрьевна Бородина (Ресей, Омбы қ.) конференцияға қатысушыларға Орталық, оның зерттеу және басылым қызметі туралы айтып берді.
Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Павлодар облысы мұрағат қызметінің ардагері Вера Дмитриевна Болтина Ертістің Павлодар өңірін мекендеген немістер тарихы негізінде дайындалған құжаттық басылымды жарыққа шығару тәжірибесімен бөлісті. Тарих ғылымдарының кандидаты, Тұрар Рысқұлов ат. Жаңа экономика университеті политология және құқық кафедрасының доценті Алма Дәулетбекқызы Жүсіпова (Алматы қ.) өзінің баяндамасын «Қазақстан Республикасында саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудің саяси және әлеуметтік-экономикалық алғы шарттары» атты тақырыпқа арнады. Шығыс Қазақстан облысы жаңа тарих құжаттау орталығының директоры Гүлнар Төлеуқызы Қасымова (Семей қ.) Жаңа тарих құжаттау орталығының жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу қызметі туралы айтып берді. Халықтарды Қарағанды облысына депортациялау жайлы мұрағат құжаттарына жасалған шолуды педогогика ғылымдарының кандидаты, Қарағанды облысы мемлекеттік мұрағатының директоры Жаңагүл Жәрекқызы Тұрсынова ұсынды. Баяндама жасау үдерісінде конференцияға қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының 130-дан астам этнос өкілдері өмір сүріп жатқан ел жағдайында этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастың бірегей моделін құрудағы маңызды рөлін, сондай-ақ ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Ассамблеяны құрудағы ерекше рөлін атап өтті. Сондай-ақ мұрағат қызметінің тарихи-мәдени мұраны сақтаудағы, ұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттаудағы және нығайтудағы маңызды рөлі аталып өтілді. Ғылым жолында жүргендерді ғылыми зерттеу жұмыстарына қажетті тарихи құжаттық базамен қамтамасыз ететін, өздерінің қиын жұмыстарын күн сайын және сағат сайын мұқият атқаратын мұрағат қызметкерлеріне ғалымдар құттықтауларын білдірді.
«Тарихты зерделеудегі, ұлттық ынтымақтастықты және қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы мұрағаттардың рөлі мен маңызы» атты дөңгелек үстел жұмысына Қарағанды облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бас маманы Гүлнар Құбайділдіқызы Айсанова «Этникааралық қатынасты жетілдірудің өзекті проблемалары» атты тақырыптағы баяндамасымен қатысты, тарих ғылымдарының докторы, Павлодар мемлекеттік педогогикалық институты тарих факультетінің деканы Қайырболат Жәкенұлы Нұрбаев «Алаштың асыл азаматы Қабыш Исаұлы Бердәлінің өмірі мен қызметі» атты баяндамасымен сөз алды, тарих ғылымдарының кандидаты, Қаржы академиясының доценті Бауыржан Нариманұлы Әбдірахманов (Астана қ.) қатысушылардың алдында бірлік пен толеранттылықтың қазақстандық моделін қалыптастырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі туралы баяндама жасады. Тарих ғылымдарының кандидаты, С. Торайғыров ат. ПМУ-дің доценті, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі Гүлфайрус Қабдоллақызы Жәпекова тарихи-мәдени мұраны зерттеудегі қазақстандық мұрағатшылардың үлесін зерттегендігін баяндады.
Ұйымдастыру комитеті конференция матариалдарынан тұратын жинақты, сондай-ақ Павлодар облысы мұрағат қызметінің 90 жылдығына арналған буклетті шығарды.
Конференцияға қатысушылар мен қонақтар үшін Достық үйінің кіреберісінде Павлодар облысының мемлекеттік мұрағаты тарихынан фотоқұжаттық көрме дайындалды. Оған жұмысшы, шаруа және қызыл әскерлер депутаттары Кеңесінің Павлодар уездік атқару комитеті президиумының 1925 жылғы 30 шілдедегі қаулысы қойылды. Онда Павлодар уездік атқару комитетінің штатына архивариус лауазымы енгізілгендігі көрсетілген. Дәл осы күн Ертістің Павлодар өңірі мұрағаты қызметінің дүниеге келген күні болып есептеледі. Сондай-ақ көрмеге аудандық мұрағаттарды құру жайлы, әр түрлі кезеңдердегі облыстағы мұрағат ісінің жай-күйі туралы Павлодар облысы мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен мемлекеттік мұрағатының біріктірілген қорының құжаттары, сондай-ақ облыс меммұрағаты мен оның аудандық бөлімдерінің бұрынғы қызметкерлерінің жеке істері, А. Пархоменконың фотоқұжаттары қойылды. Көрмеге 1925-2015 жылдар аралығындағы барлығы 100-ден астам экспонат қойылды.