Қазақстан Республикасының Конституциясы – тұрақты даму мен гүлденудің негізі

 

            Павлодар облысы мемлекеттік архивінің фойесінде «Қазақстан Республикасының Конституциясы – тұрақты даму мен гүлденудің негізі. Конституция Республики Казахстан – основа стабильного развития и процветания»атты фотоқұжаттық көрме жұмыс істеуде. Көрмеге Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің, Павлодар облысы мемлекеттік архивінің қорларынан алынған құжаттар қойылды.

         Оның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың 1991 жылғы 31 желтоқсандағы Өтпелі кезеңде Қазақстан Республикасы Конституциясының жекелеген нормаларының қызметін тоқтату туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне жолдаған хаты, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын дайындау туралы Конституциялық комиссияның 1992 жылғы 14 сәуірдегі отырысының стенограммасы, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың 1995 жылғы                   6 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясын ресми таныстыру салтанатты рәсімінде Негізгі Заң мәтінінің түпнұсқасына қол қою сәтіндегі фотосурет ерекше қызығушылық тудырып отыр.   

         Сондай-ақ Конституция жобасын талқылауға облыстың еңбек ұжымдарының қатысқандығы, Конституция жобасына жасалған ұсыныстар мен ескертулер туралы баяндайтын құжаттар, 1995 жылғы 30 тамыздағы республикалық формудағы Павлодар облысы бойынша дауыс беру қорытындысы ұсынылған.