Мәдениет және архивтер саласының үздік қызметкері

       2016 жылдың мамыр айында Павлодар облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Мәдениет және архивтер саласының үздік қызметкері» атағына кәсіби шеберлік конкурсын өткізді. Конкурс мәдениет және архивтер саласындағы талантты, шығармашылық тұрғыдан дарынды және бастамашыл қызметкерлерді моральдық және материалдық жағынан ынталандыру мақсатында өткізілді. Конкурс жеңімпаздары келесі номинациялар бойынша анықталды: «Үздік кітапхана қызметкері», «Үздік музей қызметкері», «Үздік клуб қызметкері», «Үздік театр және концерт кәсіпорынының қызметкері», «Үздік архив қызметкері». Конкурс қорытындысы 2016 жылғы 20 мамыр күні Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрында өткен Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне арналған облыстық форумда шығарылды.

         Конкурс жеңімпаздары мен лауреаттарына сыйлықтар мен дипломдарды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова, Павлодар облысының әкімі Болат Жұмабекұлы Бақауов, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шахимардан Қайдарұлы Әбілов, тарихшы-архивист, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, архив ісінің үздігі Вера Дмитриевна Болтина табыс етті.

         Конкурсқа облыс мемархивінің және оның аудандық бөлімдерінің мамандары, қалалық архивтердің қызметкерлері қатысты. «Үздік архив қызметкері» номинациясында І орынды облыс мемархиві ғылыми-ақпараттық қызмет бөлімінің басшысы Н. Кубик иеленді, ІІ орынға облыс мемархиві Лебяжі бөлімінің басшысы Қ. Серікбаева лайық деп танылса, ІІІ орын облыс мемархиві Баянауыл бөлімінің басшысы Г. Шәкіроваға берілді. Конкурс жыл сайын өткізіледі деп жоспарлануда.