Ешқашанда ұмытылмақ емес. Забвению не подлежит

2017 жылғы 30 мамыр күні сағат 11.00-де Павлодар облыстық көркемсурет музейінің үлкен залында «Ешқашанда ұмытылмақ емес. Забвению не подлежит» атты фотоқұжаттық көрменің ашылуы және Павлодар облысының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз конференцияға облыс мемлекеттік архивінің басшысы Х.Әкімханов, облыс мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Қ. мақажанова, облыс мемлекеттік архиві бөлімінің басшысы Н. Кубик, Павлодар облыстық көркемсірет музейінің директоры А.Нұрғамысова, Павел Васильев музейінің директоры З. Мерц қатысты.

Облыс мемлекеттік архивінің қызметкерлері көрмеге қойылған жаппай саяси қуғын-сүргіндер туралы құжаттар жайлы, оларды жинастыру мен ғылыми тұрғыдан сипаттаудағы архивисттердің қажырлы еңбектері, осы трагедиялық уақыт жайлы құжаттарды пайдалану бойынша ауқымды жұмыс: құжаттар жинақтарының жариялымдары, көрмелердің ұйымдастырылғандығы, өткізілген мектеп сабақтары, ғылыми конференциялар туралы айтып берді.   

         Саяси қуғын-сүргін ХХ ғасыр тарихының ең қорқынышты, ең қасіретті оқиғаларының бірі екендігі баршамызға аян. Мемлекеттің жазалау саясаты 20-30-шы жылдары ең бірінші кезекте «кулактар», ауқатты шаруалар мен орта тап өкілдеріне тиді. Ғылымға қарсы және адамзатқа қарсы жасалған 1929-1933 жылдар аралығындағы БК(б)П ОК-нің, Қазақстан Компартиясы ОК-нің қаулыларын жүзеге асыру салдарларын көрмеге қойылған құжаттар жұртышылық назарына ұсынады. Осы қаулылардың жүзеге асырылуы салдарынан қазақ халқының көбі ашаршылыққа ұшырады, оның айтарылқтай бөлігі қынадай қырылды, сондай-ақ қазақтың бірталайы жерін тастап, жан-жақ жан сауғалап кетті. Сонымен қатар, жаппай ұжымдастыру, көшпелі шаруашылықтың ерекшеліктері есепке алынбауы, әкімшілік тұрғыдан мәжбүрлеу, «Кіші қазанның» голощекиндік саясаты Қазақстанда тұрғылықты халықтың айтарлықтай қырылуына әкеліп соққандығы жайлы құжаттар сыр шертеді. Көрме, ашаршылықтың себептерін, масштабын және салдарын түсіндіруге, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық сияқты Қазақстан тарихындағы әлі көп зерттеле қоймаған фактілерге талдау жасауға және баға беруге мүмкіндік береді.  

         Жаппай саяси қуғын-сүргіннің шарықтау шегі 1937 жылы болды. Облыс мемлекеттік архивінің ХХ ғасырдың 30-40 және 50 жылдардың басында негізсіз қуғын-сүргінге ұшырағандардың істері мен құжаттарының топтамасынан алынған жеке тектік құжаттарда жерлестеріміздің көбін айналып өтпеген біздің қоғамның қасіретті парақтарын көрсететін болады. Мыңдаған адам әртүрлі баптар бойынша сотталды, облыстан аластатылды, шаңырақтыры мен мүліктерінен айырылды, лагерьлер мен жат жерлерде жазаларын өтеді, атылды. Сақталған құжаттар – әртүрлі әлеуметтік топ – интеллигенция, мәдениет, ғылыми әлем өкілдерінің, инженерлік және техникалық қызметкерлердің, педагогтардың, дәрігерлердің, сондай-ақ қарапайым тұрғындардың – жұмысшылардың, шаруалар мен үй шаруасындағы әйелердің тағдырын жарымжан еткен әділетсіздіктің баға жетпес және бейтарап куәсі екендігі даусыз. Сондай-ақ павлодарлық архивистерге «Мемориал» Халықаралық тарихи-ағартушылық, құқық қорғау және қайырымдылық қоғамы (Мәскеу қ.) ұсынған құжаттар жеке бөлімде көрсетілетін болады.  

         Репрессиялық қудалаудың тағыда бір толқыны 1939-1944 жылдары  еврей, поляк, неміс, ингуш, шешен және  басқа да ұлттардың өкілдерін жаппай депортациялау болды. 1939 жылдан «сенімсіздер» деген күдікке ілінген азаматтарды қоныстанған жерлерінен 24 сағат ішінде көшіру кампаниясын жүргізу басталды. Павлодар облысына депортацияланған және эвакуацияланғанхалықтарды орналастыру, оларға шаруашылық-тұрмыстық жағдайларда көмек көрсету, облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы, ұжымшарлар мен кеңшарлардағы олардың еңбек қызметі, оларды отандарына қайта эвакуациялау туралы құжаттар көрмеге қойылады.

         Құжаттардың көп бөлігінде кезінде «Құпия және «Өте құпия» грифі болған.

         Павел Васильев музейінің директоры З. Мерц 1937 жылы атылған белгілі ақын жерлестермізідің бірі Павел Васильевтің бірегей құжаттары жайлы айтып берді.

         Көркемсірет музейінің мамандары саяси сылтау бойынша әртүрлі жылдарда қуғынға ұшыраған суретшілердің көрмеге қойылған жұмыстары туралы айтты.

         Көрме 2017 жылғы 7 маусымға дейін жұмыс істейтін болады.