Павлодар облысының мемлекеттік архиві қызметіне 94 жыл

1925 жылғы 30 шілде Ертістің Павлодар өңіріндегі мұрағат қызметінің туған күні болып есептеледі.Нақ осы күні жұмысшы, шаруа және қызыл әскер депуттары Кеңесінің Павлодар уездік атқарушы комитеті президиумының қаулысымен Павлодар уездік атқарушы комитетінің штатына архивариус лауазымы енгізілді. 

1938 жылдың мамыр айында Павлодар облысының архивтік басқармасы және Павлодар облысының мемлекеттік архиві құрылды. Бүгінгі күні Павлодар облысының мемлекеттік архиві, Ақсу, Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Ертіс,Қашыр, Лебяжі, Май, Успен, Шарбақты және Екібастұз мұрағаттары құжаттардың тұрақты сақталуын жүзеге асырады. Жеке құрам жөніндегі Павлодар қалалық архиві қызмет етуде. Облыс архиві мекемелерінде 1823-2015 жылдарғы 1 миллион 281 мыңнан аса сақтау бірлігі көлемінде Павлодар облысы мекемелері, ұйымдары, кәсіпорындарының басқару, ғылыми-техникалық, дыбыстық бейнелік және азаматтардың жеке тектік құжаттары сақталуда. Осы құжат түрлерінің жиынтығы отандық тарихтың түрлі аспектілері бойынша мәлімет алуға мүмкіндік береді. Павлодар облысының архивтік мекемелерінде сақталудағы құжаттар Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві қорының құрамдас бөлігі, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады және Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде мемлекет тарапынан қорғалады. Осы жылы Павлодар облысының мемлекеттік архиві қызметіне 94 жыл толды.