Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына
Павлодар облысының мемлекеттік архиві көп жылдан бері Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жеке тектік құжаттарын жинақтау және оларды ғылыми тұрғыдан сипаттау жөніндегі жұмыстарды мақсатты түрде жүргізіп келеді. Нәтижесінде, осы құжаттар негізінде Ұлы Отан соғысына қатысушылардың істерінің, құжаттарының және еске алуларының коллекциясы, Кеңес Одағы Батырларының істері мен құжаттарының коллекциясы жасалды. Сондай-ақ, Р.Ж. Аликов, Г.Г. Берестовский, С.Ф Гончаров, В.А. Гузенко, З.П. Ерёмина, К.А. Жұмабеков, В.В. Курочкин, И.П. Милейко, Х.Р. Мусенов, Г.В. Путницев, У.Саттыбаев, В.А. Солодченко, Х.М. Токпанов сияқты және басқада майдангерлердің жеке қорлары қалыптастырылды.
Қор құрамындағы, бұрын отбасылық архивтерде сақталған, кейіннен облыс мемлекеттік архивіне берілген: майданға шақырту қағаздары, қызыл әскер кітапшалары мен мүлік кітапшалары, эвакогоспитальдер берген анықтамалар, әскери мінездемелер, майданнан жіберілген хаттар, әскерлердің үшбұрышты хаттары, орден кітапшалары, әскери медальдардың куәліктері сияқты бірегей құжаттар, қазіргі таңда Ұлттық архив қорының құрамына кіріп отыр. Осы құжаттардың барлығы әрбір отбасыға ауыртпалық әкелген соғыстың адамзатқа тигізген қасіретін тереңнен түсінуге және барлық ел болып жеңіс жолында көрсетілген жан кешті ерлікті сезінуге мүмкіндік береді.
Әскери хаттар – олар ерекше құжаттар болып есептеледі. Сонымен қатар, осы хаттар біздерге оны жазған адамның жан дүниесін ұғынуға мүмкіндік беріп отыр.
Ұрыстар мен зеңбірек атысы дүрсілі арасында окоптарда, блиндаждар мен жеркепелерде жатып жауынгерлердің асығыс жазған хаттарының парақтарының пішіні мен түсі, пошталық карточкалары әртүрлі. Уақыт өте келе сарғайған, сыйасы күңгірттенген қағаз соғыстың шынайы бейнесін бізге сол қалпында жеткізіп тұрғандай әсер қалдырады. Қан майданда жазылған хаттардағы жолдардан окоптардағы қаһарлы күндерді, жауынгердің елге деген сағынышы мен жеңіске деген сенімін сезінуге болады.
Соғыс жылдары хат алмасу тілдесудің жалғыз ғана жолы болды. Жауынгер хат жаза отырып, соғыстан тірі қайтатынына кәміл сенді және жауды жеңіп жайма-шуақ өмір сүретініне де зор үміт артты. Мысалы, қиыр шығыс жауынгері Е.Н. Саворовскийдің 1943 жылғы 28 қаңтарда Павлодар ауданына қарасты Чернорецк ауылында тұратын әйелі А.М. Пронькинаға жазған хатында: «... Қазіргі таңда майдандағы жетістіктерге барлық ел болып қуанып отырмыз. Немістер бізден қашып жатыр және жуық арада алды-артына қарамай безіп кететін түрлері бар. Егерде қарсыласатын болса, Сталинград түбіндегі оқиға сияқты, оларды тас-талқан ететін боламыз. Содан кейін орыстың наны мен саласы түстеріне ғана кіретін болады... Сендердің өмірлеріңе алаңдап жүрмін. Барлығын қаз қалпында жаз. Күтемін» деп отбасына алаңдайтындығын білдірген.
Облыс мемлекеттік архивінде қорларда сақтауда тұрған хаттардың жартысы облыстың еңбек ұжымдарымен болған хат жазысулар. Олардың көбі есептік сипатта және ауыл шаруашылығы жұмыстары, еңбек екпіндісі туралы, майданға жасалған көмектер жайлы мәліметтерге толы. Бұл хаттар тыл бекінісі мен майданға жасалған көмек жайлы ақпарат беру, жауынгерлерді ерлік жасауға рухтандыру үшін жазылған. Өз кезегінде жауынгерлер жерлестері алдында ерен ерліктері туралы есеп беріп, неміс басқыншыларынан отанды толығымен азат еткенге дейін жігерлі болуға және жауда талқандауда табандылық танытуға уәде берді. Павлодар ауданы «Петровка» ұжымшарының мүшесі 1944 жылғы наурыз айында Панфилов атындағы 8-ші Гвардиялық атықштар дивизиясының жауынгерлеріне, командирлері мен саяси қызметкерлеріне: «Құрметті жерлес қазақстандықтар, ерен елдің ұрпақтары – гвардияшылар. Павлодардың сары даласынан, кәрі Ертіс жағасынан ұжымшаршылардың ыстық сәлемін жолдаймыз. Сіздердің жан кешті ерліктеріңіз жайлы даңқ кеңес жеріне кеңінен жайылды және халық жадында мәңгі сақталмақ. Сіздермен Қазақстан, барлық ел мақтан етеді» деп рухты хат жолдаған.
Жеке тұлғалардың жазған хаттары жеке сипатқа ие. Оларды ерекше ілтипаттық ерекшелеп тұрады. «Қымбатты Нина! Мен саған сенемін, мен сендікпін, сенің махаббатыңа сенемін. Осы сенімділіктің арқасында қайғы мен қасіретті еңсеріп жүрмін» деп, жауынгер П.Г. Болдырев әйеліне хат жазған.
Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі хаттар өткен ғасырдағы сұрапыл соғыстың куәсі, құжаттық дереккөзі болып табылады. Олар өскелең ұрпақ үшін тәрбиесі мол құрал болып саналады. 1944 жылы «Правда» газетінің бірінші бетінде: «Переписка земляков фронта и тыла – большое дело. Она помогает и тем, и другим преодолевать трудные минуты, она помогает и тем, и другим совершать подвиги во имя Родины, во имя разгрома врага»мақала жарық көрді.
Майданнан келген және майданға жолданған хаттар жергілікті басылым беттерінде көптеп жарияланды. Жауынгер Жанабай Молшин хатында Баянауыл ауданындағы 3-ші бесжылдық атындағы ауыл шаруашылығы артелінің мүшесі - әкесі Шагалин Молшаға, Қызыл Армия үшін әскери техниканы құрастыруға 50 мың рубль бергені үшін және осы ісі үшін Сталиннен алғыс хат алғаны үшін алғыс білдірген. «Сәлеметсің бе, қымбатты әке! Отанымыздың қарулы күшін нығайту үшін 50 000 рубль бергеніңді естіп қатты қуандым. Сенің үлесің – біздің тылымыз қаншалықты мықты екендігін білдіреді. Біздің туған-туысқандарымыздың Қызыл Армияның күш-қуатын нығайтуға үлес қосуы біздің тылдың мықты екендігін білдіреді. Бізде бір ғана тілек бар – ол жауды тас-талқан етіп, қайтадан жайма- шуақ, бақытты өмір сүру. Әке! Жауыз фашистерді туған жерімізден тазартпайынша үйге қайтпаймын. Ұлың Жанабай Молин». Бұл хат 1943 жылғы 8 тамызда «Большевистский путь»облыстық газетінде жарияланды.
Майданнан келген хаттар – тарихты зерттеу үшін маңызды дереккөзі болып есептеледі. Сондықтан, біз жеңіс жолында жан берген әрбір жауынгерді ұмытпаймыз. Жадымызда мәңгі сақтаймыз. Баба ерлігін құрмет тұтамыз.