Ағымдағы жылдың 11 желтоқсанында Павлодар облысының мемлекеттік архиві «Қазақстан Республикасы архивтерінің пандемия жағдайындағы жұмысы: жаңа тәсілдер мен әдістер» атты дөңгелек үстел өткізді. 2020 жылы әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы архив саласында айналып өтпеді. Сол себепті, індет жағдайындағы архивтердің жұмысы жайлы тәжірибе алмасу мақсатында осындай тақырып таңдалып отыр.
Қазақстан Республикасының архив мекемелері санитарлық-эпидемияға қарсы шараларға байланысты шектеулерді ескере отырып, жаңа жағдайда архив қызметінің негізгі бағыттарын тиімді жүзеге асыру үшін тың тәсілдер мен әдістерді іздеп табу мақсатында жұмыстарын өзгеше қырынан іске асыруға тура келді.
Өзекті мәселені талқылауға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив ісі саласындағы мемлекеттік саясат басқармасының директоры Қарсақбаева Гүлзира Елубайқызы; Қазақстан Республикасы Президенті Архиві басшысының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Әлімғазинов Қайрат Шәкәрімұлы; Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Бегалинова Самал Балғабайқызы; Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің, облыстардың архивтер және құжаттама басқармаларының және республикадағы облыстар мен аудандар архивтерінің өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі тақырыпты талқылау барысы қызу әрі қызықты өтті.
Сонымен бірге, өзара тәжірибе алмасу нәтижесінде респбуликаның белді архивистері ұсынған тың тәсілдер мен әдістерді архив мекемелерінің жұмыс практикасына енгізу, құжаттық тарихи-мәдени мұраны жұртшылық назарына ұсыну үшін архив ісі мен құжаттама саласының өзекті мәселелері бойынша әртүрлі іс-шараларды өткізу барысында, сонымен қатар, «Архивтік анықтамаларды, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділерді беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары туралы халықты ақпараттандыру үшін онлайн форматты пайдалануды жалғастыру туралы шешім қабылданды.
Дөңгелек үстел жұмысына қатысқан және қолдау көрсеткен барлық әріптестерімізге алғыс білдіреміз!