Мемлекеттік рәміздер күні

Бүгін Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні атап өтілуде. Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Архивтік құжаттар рәміздердің тарихы туралы қандай мәліметтер береді?

Мемлекеттік рәміздерді бекіту үшін 1992 жылдың қаңтарынан бастап үлкен жұмыс өткізілді. Мемлекеттік рәміздер бойынша жарияланған конкурс нағыз халықаралық болды. Тек қана Мемлекеттік тудың 453 нұсқасы талқыланды. Мемлекеттік тудың авторы еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.  Бейбітшілік пен тұтастықтың белгісі ретінде байрақ үшін көгілдір түс таңдалды.

Елтаңбаны қабылдау үшін арнайы жұмыс тобы 245 жоба мен 67 жазба ұсыныстарын қарап шықты. Мемлекеттік елтаңбаны таңдауда басты белгілер мифологиялық желі мен тарихи салт-дәстүр болды. Соңында белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов салған нұска мақұлданды.

Мемлекеттік әнұранның ең жақсы жобасы конкурсына 51 ән, 132 өлең мәтіндері қатыстырылды. Сонымен бірге бұрынғы әнұранның әуені де конкурста қарастырылды. Бірнеше тыңдап шыққаннан кейін, осы музыкалық нұсканы қалдыру жөн деп табылды. 2006 жылдың 6 қаңтарында Қазақстан Парламенті Мемлекеттік әнұранды өзгерту туралы ұсынысты талқылап,  «Менің Қазақстаным» атты әнді лайық деп тапты.

1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік елтаңбаны, Мемлекеттік туды және Мемлекеттік  әнұранның музыкалық редакциясын бекітті. Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.  

Иллюстрация ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінің фотосуреттер мен құжатттар ұсынылды.