Павлодар облысының мұрағаттар және құжаттама басқармасы облыстық көркемсурет музейімен, А.Н. Потанин атындағы облыстық өлкетану музейімен, Павлодар облысының мемлекеттік мұрағатымен бірге, сондай-ақ Павлодар қаласының суретшілері мен фотографшыларының тікелей қатысуымендайындаған көрмеге 2000 астам экспонаттар, атап айтқанда: Павлодар облысы мемлекеттік мұрағатының, Павлодар облысы қорғаныс департаментінің ведомстволық мұрағатының қорларынан алынған түпнұсқалық құжаттар, Д.П. Багаевтың үй-мұражайынан фотосуреттер, жеке топтамадан марапаттау құжаттары, Павлодар облыстық телекоммуникация дирекциясының байланыс мұражайынан, А.Н. Потанин атындағы облыстық өлкетану музейінен сол жылдардағы тұрмыстық заттар, кәсіби фотографшылар Владимир мен Валерий Бугаевтардың, Александр Пархоменконың жеке мұрағаттарынан фотожұмыстар, облыстық көркемсурет музейі қоймаларынан көркем және графикалық шығармалар қойылды. Барлық ұсынылған экспонаттар Ұлы Отан соғысындағы Павлодар облысының тарихы және фашистік Германияны жеңуге павлодарлықтардың қосқан орасан үлесі туралы баяндайды.
Көрмедегі экспонаттар 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының майданында 46 мыңнан астам павлодарлықтардың қатысқанын куәландырады.
Олардың барлығы ордендер және медалдермен марапатталды, соның ішінде 31 адам «Кеңес Одағының Батыры» атағын алып, 8 адам үш дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері атанды.
22 мыңнан астам немесе облыстың әрбір 11-ші тұрғыны алапат соғыста көз жұмып, соғыстан кейін де жарақаттан, аурудан қайтыс болды, хабар-ошарсыз кетті.
Көрмеге ұсынылған атқарушы және партия органдарының құжаттары Павлодар облысындағы әскери жағдайларда жұмыс жасау үшін өнеркәсіптің қайта құрылуы ұзақ уақытқа созылмағанын куәландырады, себебі қолданыстағы кәсіпорындарда әскери өнімдерді өндіру көзделмеді. Қысқа мерзім ішінде алтын, күміс, тұз, отқа төзімді кірпішті, азық-түлік өнімдерінің өндірісін арттыруды, мүмкіндігінше көптеген өзен кемелері мен ауылшаруашылық техникаларын жөндеуді қажет етті. Бұған міндетті түрде еңбек өнімділігін арттыру қажет болды.
Бұл үшін қысқа уақыт ішінде барлық шаруашылықтардың жұмысын әскери жағдайға байланысты қайта құру жұмыстары жүргізілді.
Облыс шаруашылық тұрмысын қайта құрумен қатар басқа мәселені де шешті: көшірілген кәсіпорындарды қабылдау мен орналастыру, олардың жедел түрде іске қосылуын қамтамасыз ету басты назарда болды.
Соғыс жылдарында Павлодар облысы Тула қаласының механикалық шеберханалары сияқты көшірілген кәсіпорындарды қабылдап, орналастырды. 1941 жылдың қараша айында Харьков тері фабрикасының құрал-жабдығын қабылдады. Ал 1941 жылдың желтоқсанында фабрика өзінің алғашқы өнімін шығарып, 1942 жылдың қаңтар айынан бастап толығымен іске қосылды. Осы уақыт ішінде Полтавадан көшірілген былғары зауыты, қыш-құмыра өндірісіне ауыстырылған «Монумент-скульптура» Ленинград көркем құйма зауыты жұмыс істей бастады.
1943 жылдың қазан айында ауылшаруашылық машиналарға қосалқы бөлшектерді шығаратын жаңа «Октябрь» зауытының бірінші цехтары іске қосылды.
1943 жылдың тамыз айында Павлодар облыстық атқару комитетінің «облыстық өнеркәсіп одағының күніне 2000 қорап сіріңке шығаруын ұйымдастыру туралы» шешімі қабылданды.
Облыстың колхоздары мен совхоздары майданды, тылды нанмен және басқа да қажетті азық-түліктермен қамтамасыз етті. Облыста жоғары өнім жинау звеноларының қозғалысы және әйелдер трактор бригадаларының жарыстары қанат жайды.
Тұрғындардың 85,5 пайызы ауылдық жерлерде тұратын облыс аумағындағы шахталарда, қорғаныс және ағаш дайындау кәсіпорындарында, әскер қатарына кеткендерден басқа, 16000-ға жуық ер адамдар жұмыс істеді.
Соғыстың алғашқы күнінен-ақ колхоздар мен совхоздардағы барлық жұмыс ауыртпалығы әйелдер, жасөспірімдер мен қарттарға түсті. 1942 жылдың көктем айларында тракторда 2 мыңға жуық әйелдер жұмыс істеп, соғыстың екінші жылында әрбір екінші тракторшы мен комбайншы әйел адам болды.
Павлодар қаласында орналасқан № 2448 эвакогоспитальдің қызметі туралы куәландыратын құжаттар көрмеге ұсынылды.
Экспонаттардың негізгі бөлігін Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің Істер мен құжаттар топтамасынан алынған құжаттар құрайды: майданға шақыру қағазы, қызыләскер кітапшалары, комсомол билеті, киім-кешек кітаптары, эвакогоспиталь анықтамалары, жауынгерлік мінездемелер, аттестациялық парақтар, партиялық мінездемелер т.б.
Әсіресе майданнан келген хаттар ерекше әсерге бөлейді. Ұсынылған хаттар (облыс мемлекеттік мұрағатында сақталған) Ұлы Отан соғысы тарихының өзіндік ескерткіші болып табылады.
Әртүрлі жауынгерлік медальдаррға берілген куәліктер, орден кітапшалары; жауынгерлік ерлігі, Отанға жанкешті қызмет еткені үшін алғыс грамоталар; Жоғарғы Бас қолбасшының алғыстары, үздік жауынгерлік әрекеттері және көрсеткен ерлігі үшін алғыс жариялау туралы анықтамалар осы бөлімді толықтырады.
Көрмеге павлодарлық Кеңес Одағы Батырларының, үш дәрежелі Даңқ ордені иегерлерінің фотопортреттер галереясы ұсынылған. Махмет Қайырбаев, Қанаш Қамзин, Михаил Катаев, Иван Бабин, Иван Кривенко, Серікбай Мүткенов, Максим Милевский, Спартак Маковский...
Отыз бір Кеңес Одағы Батырларының есімдері Павлодар Ертіс өңірімен байланысты. Осы батыр атанған азаматтардың бейбітшілік кезінде азаматтық мамандықтары болды. Солардың арасында тракторшылар, есепшілер, мұғалімдер мен жүргізушілер болды. Отанға қауіп төнген уақытта олар қолдарына қару алып, ел тыныштығын сақтауда жандарын пида етті.
Плакатты графика көпшілікке арналған өнер түріне жатады. Кеңес уақытында саяси плакаттар көрнекі үгіт-насихат міндетін орындады. Ұлы Отан соғысы кезіндегі плакаттар саяси өткірліктің және жоғары көркемсурет деңгейінің шыңына жетті.
Көрмеге іріктелген плакаттардың сол уақытқа тән және аса жарқын деп танылғандарымен танысуға, олардың авторларын еске алуға және көрерменге әсер ететін ерекше күшіне көз жеткізуге мүмкіндік етеді.
Тарихты адамдар жасайды. Адам тағдыры тек өзіне ғана тән қайталанбас жайт. Мұрағаттар мен мұражайлардағы әрбір адамның құжаттары зерттеушілердің назар аударуына лайық. Көптеген ғасырлар өтсе де, Ұлы Отан соғысында көрсетілген ерлік мұрағаттық құжаттарда, фотосуреттерде, топтамаларда, өнер шығармаларында сақталады. Солардың кейбіреулерін біз бүгінгі көрмеге ұсынып отырмыз.