Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 27 қаңтардағы № 1144 Жарлығымен, Тәуелсіздік пен мемлекеттілікті, Қазақстан халқының рухани-мәдени бірлігін одан әрі нығайту және үдемелі даму мақсатында 2011 жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы жылы болып жарияланды.
Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған фотоқұжаттық көрме осы атаулы оқиғаға арналған. Көрмеге қойылған құжаттар Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатынан, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатынан, Павлодар облысының мемлекеттік мұрағатынан алынған және олардың көп бөлігі аса құнды құжаттар болып табылады.
Осы құжаттар тарихи аспектіде Тәуелсіздікке қол жеткізу үрдісін, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы – бұл тек қана 2011 жылдың қорытындысы емес, бұл тәуелсіз мемлекеттің барлық жылдарының қорытындысы болып табылатындығын көрсетеді. ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ Алаш партиясының мүшелері қазақ халқының тәуелсіздігі үшін жан кешті күрескен болатын.
«ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ТАРИХЫНАН»
1917 жылғы Қазан революциясынан кейінгі кезеңде іс-әрекеттер бағдарламасын әзірлеу үшін 1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда ІІ-ші Жалпықазақ съезі өтті. Осы съезге бүкіл Түркістан өлкесінен делегаттар қатысқан болатын. Съездегі негізгі мәселе Қазақ автономиясын құру төңірегінде өрбіді. Съез бірауыздан қырғыз облыстарының автономиясын құруды, оған «Алаш» атауын беруді және Кеңес билігіне мойынсұнбауды қаулы етті. Қызыл Әскердің Қазақстан аумағына басып кіруіне қарсылық білдіру мақсатында ұлттық құрамаларды жасақтау ұйғарылды.
Құрылтай жиналыстың шақырылуына дейін, ресейлік биліктің орнатылуына дейін, сол съезде құрылған «Алаш-Орда» Жалпықазақтық уақытша халық кеңесі арқылы қазақтарды автономды басқару қолға алынды. Билік басына большевиктер келгеннен кейін «Алаш-Орда» ыдыратылған еді, ал оның басшылары 30-шы жылдары ату жазасына кесілді. Бұл бөлімде «Алаш» партиясының басшыларының және ұйымдастырушыларының бірі, ағартушы, қоғам қайраткері, аудармашы, көрнекті әдебиетші, педагог, лингвист Ахмет Байтұрсыновтың жеке іс парағы және өмірбаяны қызығушылық тудырады. Ахмет Байтұрсынов бір кездері республиканың академиялық орталығын басқарды, қазақ халқы тарихындағы алғашқы университеттің профессоры атағын иеленді.
Сонымен қатар, ана тілі бойынша оқу құралдарын, 1920-шы жылдары бірнеше рет қайта басылып шығарылған, суреттермен өрнектелген әліппені жазып шығарды. Ахмет Байтұрсынов араб әліппесін реформалаудың өзіндік бір жобасын жасап шығарған болатын.
ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары кеңес билігі көшпенділерді күшпен отырықшылыққа көшіру шараларын жүзеге асырды. 1924 жылғы қазан айынан 1933 жылға дейін Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы қызметін Филипп Исаевич Голощекин атқарған болатын. Қазақстандағы кеңес билігінің орнауы, яғни «Кіші Қазан» түсінігі Голощекинмен байланыстырылды. Қазақстанда атқарылған алғашқы шара 1928 жылы күзде жүзеге асырылған тәркілеу науқаны еді. Тәркілеуге 700 шаруашылық ұшырап, олардан 150 мың бас (ірі қараға аударылғанда) мал тартып алынды.
Бұл науқанның нәтижесінде Қазақстанның барлық халықтары ашаршылыққа ұшырады, оның ішінде 1 млн. 750 мың қазақ (42%) шығынға ұшырады. 1931 жылы 1 млн. 30 мың адам шет елге ауып кетті, оның ішінде 616 мыңы елге қайтып оралмады, жүз мыңдаған адам Қытайға ауып кетті. 1926 жылдан 1939 жылға дейінгі аралықта КСРО аумағындағы қазақтар саны ресми деректер бойынша 867 340 адамға дейін қысқарған. Көрмеге Қазақстанның халық шаруашылығын қайта құрудағы қателіктер мен бұрмалаушылықтар туралы БКП(б)П-ның Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысына жолданған «Бесеудің хаты» атымен белгілі Ғ. Мүсіреповтің, М. Ғатауллиннің, М. Дәулетқалиевтің, А. Алтынбековтің, Қ. Қуанышевтің 1932 жылғы 4 шілдедегі хаты назарға ұсынылды.
Сонымен қатар, көрмеге мал шаруашылығын дамытудағы, көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды ұжымдастырудағы БКП(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бұрмалаушылықтары мен жіберген қателіктерін әшкерлеген Ғ. Ысқақовтың, И. Кабуловтың, Ж. Арыстановтың, Б. Айбасовтың, Ғ. Тоғжановтың 1933 жылғы 24 ақпандағы «Алтаудың хаты» атымен белгілі Иосиф Сталинге жолданған хатын көре аласыздар. 1930-1932 жж. ашаршылық қазақ халқы үшін ірі қасірет, тарихқа «Ұлы жұт» жылдары атымен енді. 1929-1930 жылдардағы ұжымдастыру жылдары 372 қарулы бас көтерулер орын алды. Халық көтерілістері күштеп басылды, ал олардың қатысушылары қуғын-сүргінге ұшырады. «Көтеріліс қарақшыларының» қылмыстық істерін соттан тыс үштіктер қараған болатын.
ХХ ғасырдың 20-30-шы және 50-ші жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін адамзат тарихының ең қайғылы беттерінің біріне айналды. «Тап жауларына» қарсы идеологиялық күрестің нәтижесінде жүздеген мың адам өлімге кесілген болатын, ал олардың көпшілігі саяси, ғылыми, шығармашылық ойдың кемеңгерлері болды. Негізсіз айып тағу нәтижесінде жапа шеккен қазақ шығармашылық зиялыларының ішінде мемлекет қайраткері, ағартушы, «Алаш» партиясының негізін қалаушыларының бірі А. Байтұрсыновтың фотосуреттерін сіздер көрмеде көре аласыздар.
Тәуелсіздік үшін күрестің жарқын әрі қайғылы беттерінің қатарына 1986 жылғы Алматы қаласындағы желтоқсан оқиғаларын жатқызамыз. 1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы ОК-нің Пленумында Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бірінші хатшысы А. Қонаев қызметінен босатылып, оның орнына бұдан бұрын Ульяновск обкомының Бірінші хатшысы қызметін атқарған, өзі басқаруға тиісті халықтың тілін, дәстүрлерін, мәдениетін білмейтін Г.В. Колбин тағайындалды. Республиканың ұлттық мүдделерін аяққа таптау ашық және өткір қарсыласуға тап болды. Ол 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматыдағы қазақ жастарының бас көтеруінен көрініс тапты.
Жастар шеруі саперлер күрегінің, қызмет иттерінің, брандспойттардың қолданылуымен басылды. Тұтқындалғандардың саны шамамен 8,5 мың адамды құрады. Тағдырына балта шаба отырып, жүйе көптеген «желтоқсаншыларды» қатал жазалады. 103 адам сотталды; тек жоғарғы оқу орындарынан 270 адам қуылды, ондаған жұмысшылар жұмыс орындарынан босатылған болатын.
Осы оқиғаларға қатысқандардың қатарында Алматы мемлекеттік театралды-көркем институтының ІV курс студенті Айтмырзаев Құрманғазы болған еді. 1987 жылғы 20 маусымда Алматы қалалық сотының шешімімен Айтмырзаев Құрманғазы Қазақ КСР-ның қылмыстық кодексінің 60 және 65 баптарына сәйкес, қатаң тәртіптегі кінәсін өтеу мекемесінде 4 жыл бас бостандығынан айрылды.
Қазақстан Республикасының Президентінің 1991 жылғы 12 желтоқсандағы «1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығымен осы оқиғаларға қатысқан адамдар жауапкершілікке негізсіз тартылды деп танылды.
Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес Айтмырзаев Құрманғазы толығымен ақталып шықты. Қ. Айтмырзаевтың жеке қоры облыстық мұрағатта сақталған. Оның өмірбаяны, сол күндер туралы естеліктері, ақталып шыққандығы туралы анықтама көрермендерінің назарына тыс қалмайды деген ойдамыз.
«МЕМЛЕКЕТТІК ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЖАРИЯЛАНУЫ»
Кеңес Одағындағы экономика, әлеуметтік-құрылымдық, қоғамдық және саяси салаларындағы жүйелік дезинтеграция үрдістері 1991 жылғы 26 желтоқсанда КСРО-ның ыдырауына алып келді. КСРО-ның ыдырауы оның құрамында болған 15 республиканың тәуелсіз мемлекеттерге айналуына және олардың әлемдік саяси аренада өздерінің дербес мемлекеттер ретінде дамуына алып келді.
Бүкіл 1991 жыл Қазақстанның өз Тәуелсіздігін алуына алдын-ала жағдай жасаған оқиғаларға толы болды.
1991 жылы Жоғарғы Кеңестің шешімімен сайланған президенттің қызмет орны тағайындалды. Жоғарғы Кеңестің Төрағасы және Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бірінші хатшысы болған Н. Назарбаев тұңғыш президент болып сайланды.
1991 жылғы 16 қазанда мемлекет басшысы Қазақ КСР-ның Президентін сайлау туралы Заңға қол қойды және сол бойынша алғашқы рет ел көшбасшысын бүкілхалықтық сайлау жүзеге асты.
1991 жылғы 1 желтоқсанда алғаш рет Қазақ КСР-ның Президентін бүкілхалықтық сайлау өтті. Жоғарғы Кеңес республикадағы барлық партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың, көпұлтты халықтың елеулі бөлігінен қолдау тапқан тек бір ғана Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды. Сол уақыттан бастап 20 жыл бойы Н.Ә. Назарбаев мемлекетіміздің дара көшбасшысы болып табылады.
1991 жылғы 10 желтоқсанда Алматы қаласындағы Республика Сарайында алғаш рет бүкілхалықтық сайлау арқылы сайланған Президенттің қызметке тағайындалу рәсіміне арналған Жоғарғы Кеңес отырысы өтті. Конституцияға сәйкес Н.Ә. Назарбаев халық алдында ант берді және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Президентінің қызметке кірісуі туралы» қаулысы қабылданды.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына қол қойды және осы Заң бойынша Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет болып жарияланды. Қазақстан алғаш рет тәуелсіз мемлекет мәртебесіне қол жеткізді. АҚШ Президенті Дж. Буштің, Ұлыбритания Премьер-Министрі Д. Мейджордың, алыс және жақын шетел мемлекет басшыларының құттықтау хаттары, жеделхаттары, әлем қауымдастығының біздің елімізді тәуелсіз деп танығанының дәлелі.
«ЕЛТАҢБА, ТУ, ӘНҰРАН – МЕМЛЕКЕТТІЛІК ПЕН ЕГЕМЕНДІКТІҢ АЖЫРАМАС НЫШАНДАРЫ»
1992 жылғы 4 маусымда мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдарына қол қойды. Осы Заңдарды сіздер бұл бөлімнен көре аласыздар.
Қазақстан Республикасының Елтаңбасы шеңбер түрінде жасалған, шеңбер – мәңгіліктің, өмірдің және кемелденудің белгісі. Елтаңбаның ортасында оның барша негізгі идеясын өзіне қамтитын элемент – шаңырақ орналасқан, ал шаңырақ, яғни киіз үйдің үстіңгі бөлігі – отбасылық берекенің, бейбітшіліктің, тыныштықтың нышаны. Сонымен қатар, елтаңбамызда көгілдір, бейбіт аспан аясындағы жарық күн іспеттес түндік өмір мен мейірімділіктің қайнар көзі күн бейнесін еске түсіре отырып, елтаңбаның ортаңғы бөлігінен аспан кеңістігіне ұмтылған – уықтар бейнеленген.
Айқас түріндегі күлдіреушілер үш жүздің бірлігін білдіреді. Сонымен қатар, геральдика тілімен айтқанда қазақ халқының бейбітсүйгіш мәнін бейнелейді. Тұлпар — дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа талпыныс бейнесi. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Бесұшты жұлдыз бес құрлыққа ашық екендігінің белгісі.
Ортасында күн бейнесі бейнеленген, шет жағында қазақтың ұлттық оюымен өрнектелген көк байрағымыз – біздің азат, тәуелсіз және егемен республикамыздың нышаны. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков. Тудың көгілдір түсі халықтың мәдени-этникалық бірлігін білдіреді және мемлекеттің біртұтастығына нұсқайды. Бүркіт бейнесінің мәні тереңде жатыр және көне дәстүрлермен ұштасады. Көшпенділердің дүниетанымы бойынша бүркіт – мемлекеттік билікті, алғырлықты бейнелейді. Далалықтар үшін бұл бостандықтың, тәуелсіздіктің, мақсатқа және болашаққа ұмтылыстың белгісі. Елтаңба мен Ту 1992 жылы заңды түрде қабылданып, бүгінгі күнге дейін өзгертілмеді.
Қазақстан Республикасы Әнұранының музыкалық редакциясы ҚР-ның 1992 жылғы 4 маусымдағы Заңымен, ал оның мәтіні ҚР-ның 1992 жылғы 26 қарашадағы Заңымен бекітілді. 2006 жылғы 7 қаңтарда бұдан бұрын 1956 жылы Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжмиденов жазып шығарған «Менің Қазақстаным» атты көпшілікке танымал ән Қазақстан Республикасының Әнұраны ретінде бекітілді. Бұл әннің мәтініне ҚР-ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілі бір түзетулер енгізгендіктен оның авторларының бірі болып саналады.
Сонымен қатар, әнұранның орындалу ережелеріне де біршама өзгертулер жасалды. 2006 жылдан бастап салтанатты рәсімдерде әнұран орындалған кезде қатысушылар орындарынан тұрып, өздерінің оң жақ қолдарының алақанын оң жақ кеуделеріне басулары тиіс.
«СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ ПОЛИГОНЫНЫҢ ЖАБЫЛУЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДАҒЫ ҚАДАМ»
1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигоны жабылды. Қазақ КСР Президентінің 1991 жылғы 20 тамыздағы «Семей ядролық полигонының жабылуы туралы» Заңын көрмеде көре аласыздар.
Бұдан басқа көрмеде «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысының қызметі туралы мәлімет беретін құжаттармен таныса аласыздар: қозғалыс басшысы О. Сүлейменовтің; жазушы, қоғам қайраткері М. Әуезовтің; Әлемді қорғау Кеңестік комитетінің төрағасы Г. Боровиктің әскери полигон жұмысшыларымен кездесу кезіндегі фотосуреттері, Семей ядролық полигонының жабылуы туралы құжаттар.
«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ – ТҰРАҚТЫ ДАМУ МЕН ГҮЛДЕНУДІҢ НЕГІЗІ»
1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының бірінші Конституциясы қабылданды.
Біздің мемлекетіміз үшін маңызы зор оқиғаға арналған бөлімде Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің сессиясында бірінші Конституцияның тарихи маңыздылығы туралы сөйлеген сөзі көрсетілген.
1995 жылғы 30 тамызда жалпыреспубликалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл күн мемлекеттік мерекелік күндер қатарына жатқызылған. 1995 жылғы 6 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа Конституциясын қабылдау кезіндегі сөйлеген сөзін сіздер көрмеде көре аласыздар.
«ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ» Н.Ә. НАЗАРБАЕВ
Бұл бөлімде мемлекеттік тілдің мәртебесі, оны білудің маңыздылығы, Павлодар облысында «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңының жүзеге асуы туралы, Павлодар облысындағы мемлекеттік тілдің дамуы жөніндегі жұмыстардың барысы және т.б. құжаттар назарларыңызға ұсынылған.
«ТЕҢГЕ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТАСЫ»
1993 жылғы 12 қарашада ұлттық валюта – теңге енгізілді.
Сіздердің назарларыңызға «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Заңның мәтіні, ұлттық валютаны енгізу туралы Мемлекеттік комиссия отырысының хаттамасы, банкноттық фабриканың ашылу рәсіміндегі Қазақстан Республикасы Президентінің фотосуреті, Павлодар облысының ақша айналымы бойынша комиссияның қызметі туралы құжаттар ұсынылды.
«АСТАНА – ӨРКЕНДЕУ, ГҮЛДЕНУ МЕН КЕМЕЛДЕНУ СИМВОЛЫ»
1997 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Астана қаласы мемлекет астанасына айналды. Ақмоланы ел орталығы ретінде халықарлық ресімдеу 1998 жылғы 10 маусымда жүзеге асқан болса, Астана күні 6 шілдеге, яғни Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне ауыстырылды. Елорда күні мемлекеттік мерекелер қатарына жатқызылды.
1999 жылы Астана қаласы ЮНЕСКО шешімімен «бейбітшілік қаласы» атанды, ал Алматы қаласы оңтүстік астана деген бейресми мәртебеге ие болды.
Астананың көшірілуі туралы құжаттарды, қала көрінісінің фотосуреттерін осы бөлімде көре аласыздар.
«ҰЛТАРАЛЫҚ КЕЛЕСІМ – МЕМЛЕКЕТ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ БАСТЫ ТІРЕГІ»
1995 жылғы 1 мамырда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
Сіздердің назарларыңызға Қазақстан халықтары Ассамблеясының, Павлодар облысының Кіші халықтар Ассамблеясының құрылуы туралы, Павлодар облысындағы ұлттық-мәдени орталықтардың қызметі туралы құжаттар ұсынылды.
«ҚАЙТА ЖАНДАНҒАН РУХАНИЛЫҚ БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҚҰРАЛЫ»
Тәуелсіздігімізді алғаннан бері республикамызда және облысымызда рухани өмірдің жандану үрдісі байқалады, еліміздегі әртүрлі діни конфессиялардың өкілдері өздерінің діндерін ашық түрде ұстану құқығына ие болды, қалалар мен аудандарда шіркеулер мен мешіттер салына бастады, Павлодар қаласында католиктік шіркеу салынды, синагога ашылды.
Көрмеде Мәшһүр-Жүсіп атындағы мешіттің, Благовещенский кафедралдық соборының, католик шіркеуінің, «Рахель Үйі» синагогасының және облысымыздағы басқа да шіркеулер мен мешіттердің ашылуы туралы құжаттар көрсетілген.
«ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ: ЖАҢА ТАРИХ БЕТТЕРІ»
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық, мәдени, қоғамдық-саяси дамуы инновациялық жобаларды енгізу, жаңа өндірістердің ашылуы, жаңа кәсіпорындар мен әлеуметтік-мәдени маңыздылығы бар жаңа объектілерді іске қосу, павлодарлықтардың әртүрлі халықаралық, республикалық, облыстық шараларға, конкрустарға, фестивальдарға, жарыстарға қатысуы туралы көптеген фотоматериалдармен танысуға болады.
Қысқа мерзім ішінде ішінде тәуелсіз еліміз қоғамның әртүрлі салаларында ауқымды реформаларды жүзеге асыра отырып, заманауи, бәсекелестікке қабілетті мемлекетке айналды. Осы жылдар ішінде экономиканың нарықтық жүйеге көшуі, елдің ядролық қарусыз мәртебесі, астананың ауыстырылуы, 2030 стратегиясының қабылдануы, Ұлттық қордың құрылуы туралы шешімдер өздерінің тарихи қисындылығын және тиімділігін көрсетті.
Бүгінгі күні біздің еліміз Орталық Азиядағы бейбітшілікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып табылады. Қазақстан ТМД елдері ішінде ілгері дамудың үздік үлгісін көрсетіп келеді. Елдің ОБСЕ-дегі Төрағалығы, Алматы саммиті, ШЫҰ-дағы Қазақстанның төрағалығы және басқа да бастамалары – еліміздің халықаралық аренада алатын жоғары беделінің көрсеткіші. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы – біздің өз жетістіктерімізді ұғыну, болашақ мақсаттарымызды айқындаудың мүмкіндігі. Мерейтойды тойлау қазақстандық мемлекеттілікті және патриотизмді нығайтуға бағытталған.
Павлодар облысының мұрағаттар мен құжаттама басқармасының, Павлодар облысының мемлекеттік мұрағатының бастамасымен ұйымдастырылып отырған көрме Тәуелсіздік тарихын мемлекет негізі, оның басты құндылығы ретінде танытуға, облыс тұрғындарының қоғамдық санасына Тәуелсіздікке қол жеткізудің зор маңызын көрсетуге бағытталған.
