2011 жылғы 6 сәуірде Петропавл облыстық көркемсурет мұражайында белгілі павлодарлық ақын Павел Васильевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «В степном краю взращенная душа... » фотоқұжаттық көрмесінің тұсаукесері өтті.
Көрме Павлодар облысының мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастамасымен Павел Васильев атындағы үй-мұражайының және суретші Виктор Федорович Поликарповтің қатысуымен дайындалды.
Қазіргі уақытта Павел Васильевті білмейтін жан жоқ десек те қателеспейміз. Алайда атақты ақын XX ғасырдың басында дүниеге келсе де, тек осы ғасырдың ортасында ғана жұлдызы жанып, есімі барша қалың жұртқа әйгілі болды. Оның өмірбаяны қысқа, бірақ ерекше жарқын болған еді. Өкінішке орай, ақын 30 жасында дүние салды.
Ақынның ата-анасы Николай Корнилович пен Глафира Матвеевнаның неке қиюы және кіші інісі Левтің туғаны туралы жазбасы бар метрикалық кітаптардың көшірмелері, ақынның және оның отбасының сирек кездесетін фотосуреттері, қолтаңбасы, тұтқындалған ақынның сауалнамасы, ол туралы қазіргі ұрпақтың еске алулары және Павлодар облысы мемлекетті мұрағаты мен П. Васильев атындағы мұражай-үйі қорларынан алынған басқа құжаттар облыстан тыс жерлерде өтетін көрмеге алғаш рет ұсынылуда.
1990 жылы Павел Васильевтің балалық шағы өткен үйге “мұражай-үйі” мәртебесі берілді. Мұражай-үйінің қызметкерлері Павел Васильев туралы құжаттар жинауда орасан зор жұмыстар атқарды. Көрме экспонаттарының көпшілігін ақынның жұбайы Елена Александровна өзінің жеке мұрағатынан, сонымен қатар оның қызы Наталья Фурман тапсырды.
Мұражайда ақынның жеке заттары, атап айтқанда қағаз кесуге арналған пышақ, күл сауыт, ақынның анасы Глафира Матвеевнаның сандықшасы, ақынның көзі тірісінде шыққан шығармалары - «Люди в тайге», «В золотой разведке» атты автордың қолтаңбасы қойылған кітаптар бар. Мұндай шараны ұйымдастыруға осы қаланы таңдау кездейсоқ емес: ақын балалық шағы мен жастық шағын Павлодарда өткізді, ал Петропавлда бастауыш мектепте оқыды. Павлодарлық әдебиеттанушылар мен васильевтанушылар ұзақ жылғы зерттеулер мен ізденістер нәтижесінде ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген материал жинақтады.
Бұл Петропавл қаласының зиялы шығармашылық өкілдерінің қызығушылығын тудырды. Көрменің тұсаукесеріне Солтүстік Қазақстан облысының әкімі С. Билялов, Петропавл қаласының әкімі Н. Әшімбетов, Солтүстік Қазақстан облысының мұрағаттар департаментінің бастығы Р. Бикенов, Солтүстік Қазақстан облысының мұражай бірлестігінің директоры Г. Мұқышева, Солтүстік Қазақстан облысының көркемсурет мұражайының директоры И. Паламарчук, сондай-ақ С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының, Г. Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының, И. Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың, “Резиденция Аблай хана” мұражайының өкілдері қатысты.
Сонымен қатар көрмені «ЮНЕСКО» клубының көркем лицейінің оқушылары тамашалады. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі көрмеге ұсынылған экспонаттар зор мәдени және тарихи маңызға ие. Оларды тану П. Васильевтің шығармашылығын таратуда және Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары арасындағы байланысты дамытуда маңызды болып табылады деп бағалады.
Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет және мұражай бірлестігінің басқармасы облысаралық мәдени байланыстарды дамыту шеңберінде Павлодар қаласында Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені ұйымдастыратын болады. Көрме 2011 жылдың 25-ші сәуіріне дейін жұмыс істейтін болады.