2011 жылғы 27 қаңтарда «Достық үйінің» (бұрынғы «Октябрь» кинотеатрының) концерттік залында Павлодар қалалық Ардагерлер кеңесінің есептік-сайлау конференциясы өтті. Концерттік залдың фойесінде «Соғыс күндері мен жаңғыру жылдары…» - «Дни боев и годы созиданий…» атты фотоқұжаттық көрме өткізілді.
Көрме Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағатының құжаттары негізінде дайындалды. Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО ағарту және Қазақ КСР халыққа білім беру үздігі Рақымберді Жақияұлы Әліковтің, мемлекеттік және қоғамдық қайраткер, еңбек ардагері Клавдия Шаймарданқызы Арынғазинаның, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, техникалық ғылымдар кандидаты, КСРО және Қазақ КСР еңбек сіңірген рационализаторы, Павлодар қаласының құрметті азаматы Сапарбек Сұлтанұлы Беркетовтің, Ұлы Отан соғысының ардагері, Семен Федорович Гончаровтің, Қазақ КСР Ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері Қабиден Әкімбекұлы Жұмабековтің, мемлекеттік және қоғамдық қайраткер, экономикалық ғылымдардың кандидаты Оралбек Қожанұлы Қожановтың, КСРО денсаулық сақтау үздігі, Еңбек ардагері, дәрігер Семен Захарович Рабкиннің, Павлодар қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері Иван Дмитриевич Рязанцевтің жеке тектік қорларынан алынған құжаттар көрмеге ұсынылды. Бұл құжаттар павлодарлықтардың Ұлы Отан соғысына қатысқаны, ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, білім беру саласын дамытуда қосқан үлесі туралы баяндайды. Ұсынылған 61 құжаттың ішінде «Аса құнды» белгісі қойылған құжаттар көп. Көрме 1940-2007 жылдардағы 61 экспонатты біріктірді.
Павлодар қаласының әкімі Б.Т. Жоламанов көрмеге қатысып, онда ұсынылған құжаттармен танысты. Облысымыздың бай тарихын куәландыратын осы бірегей құжаттар конференция қатысушыларының ерекше назарына бөленді.
