«Железин ауданына 75 жыл» атты ретроспективті көрмеге шолу

Жлезин ауданының тарихы 1935 жылы, РКФСР БОАК-нің 1935 жылғы 31 қаңтардағы қаулысымен Үрлітүп ауданы құрылған кезде, басталды. Алғашқы уақытта Үрлітүп ауылын аудан орталығы етіп жасау жоспарланды (осыдан да аудан атауы),алайда кейін аудан орталығы Железинка ауылы болды.

Железинка сияқты, Үрлітүпте – облысымыздың көне ауылдары. Мысалы, Үрлітүп ауылының негізі 1866 жылы қаланса, Железинка ауылы 1717 құрылды. Біздің бүгінгі көрмеге ұсынылған ең көне құжат 1887 жылға жатады. («Семей облысы әскери губернаторының ұсынғанынан...»)

Үрлітүп ауданы, ал 1963 жылдан Железин ауданы өзінің құрылған кезінен-ақ әкімшілік-аумақтық бөлінуін

еде бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Ауданның құрылғаны туралы баяндайтын құжаттар көрмеміздің «Құрылу» бөлімінде ұсынылған.

Жетпіс бесжылдық жолында аудан көптеген қиын қыстауды бастан өткерді. Қуғын-сүргін жылдары железиндіктер тыңшылық пен сатқындық сияқты заңсыз айыптаулардан азап шекті. Тарихтың бұл күрделі кезеңі туралы қылмыстық істерден алынған атылғандардың фотосуреттері баяндайды. Ұлы Отан соғысы жылдары железиндіктер Отанды ерлікпен қорғап, ұрыс даласында туған жер үшін жандарын пида етті. Сұм соғыс жылдарында Үрлітүп аудандық әскери комиссариатымен үш мыңнан астам адам Қызыл Әскер қатарына шақырылды. Олар бір сүйем туған жер үшін қасық қандары қалғанша күресіп, фашистік басқыншылардан елімізді ғана емес, Еуропа елдерін де азат етті. Отанға деген зор сүйіспеншілік пен асқан ерлік танытқан Кеңес Одағының Батырлары Бабин Иван Григорьевич, Квитков Александр Спиридонович, Ледовский Иван Григорьевич туған өлкелерін барша кеңес халқына әйгілі етті.

«Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген сөздер тыл және кеңес елі еңбеккерлерінің ұранына айналды. Соғыстық қауырт кезеңінде алға қойған міндеттер мен мақсаттарға қол жеткізуде Үрлітүп және Михайлов аудандарының еңбеккерлері зор үлес қосты. Олар мүмкіндіктерінше көмек көрсетті: елдің Қорғаныс қорына ақшалай қаражат тапсырды, ақшалай-заттай лотереяны іске асыруға қатысты, мемлекеттік әскери қарызға жазылды; майданға жылы киім, азық-түлік, түрлі сыйлықтар жинады, мүгедектер мен әскери қызметшілердің отбасылары мүшелеріне қамқорлық көрсетті, неміс басқыншылығынан азат етілген аудандардың тұрғындарына қолғабыс етті. Әскери жылдардың бірегей құжаттары – фотосуреттер, майдандық хаттар, ұрыстарға, қалаларды азат етуге қатысқаны және т.б. үшін алғыс хаттар – «Ұлы Отан соғысы» бөлімінде ұсынылған.

Әскери жылдардан кейін Кеңес Одағын дамытудың негізгі міндеттері мен мақсаттары «1946-1950 жылдарға арналған КСРО халық шаруашылығын қалпына келтіру және дамытудың бесжылдық жоспары туралы Заңымен» белгіленді. Осы заңға сәйкес Қазақ КСР-нің соғыстан кейінгі бесжылдық жоспары әзірленіп, қабылданды. Үрлітүп және Михайлов аудандарының еңбеккерлері дәнді дақылдарды өсіруге, колхоздар мен совхоздардың жалпы егістік алқабын ұлғайтуға, ауыспалы егісті қалпына келтіру және енгізуге, дәнді дақылдар мен жалпы астық өнімділігін арттыруға, шаруашылықтың барлық санаттары бойынша мал басын көбейтуге, жергілікті және кооперативті өнеркәсіп өндірісін арттыруға белсенді жұмыс атқарды.

1954 жылғы 23 ақпан – 2 наурыз аралығында КОКП ОК-нің Пленумы өтті, онда «Елдегі дәнді дақылдар өндірісін одан әрі арттыру, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» шешім қабылданды. Жүздеген адамдар ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту, тың және тыңайған жерлерді игеру есебінен астық алқаптарын ұлғайту сияқты ірі мемлекеттік міндетті орындауға дайын екендерін айтты.

Бұл ұранға аз уақыттан кейін жүз мыңдаған адамдар қосылды. Көрмеге ұсынылған өз ықтиярымен тың игеруге аттануға келіскен жүздеген комсомолдардың өтініштерінде шынайы ұмтылыс білінеді. Мыңдаған тың игерушілер өз тағдырларын Железин ауданымен байланыстырды және оны дамытуға зор үлес қосты. Бірінші эшелонмен келген алғашқы тың игерушілер С.Н. Семанин, А.А. Егоров, А.Ш. Шарипов және басқалар Железин тарихында елеулі із қалдырды, кейінірек олар бірнеше жылдар бойы ауданның ірі шаруашылықтарына жетекшілік етті. 80-ші жылдардың бел ортасына дейін Б.А. Нефедьев ауданның ауыл шаруашылығы басқармасында басшылық етті.

Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары ауданды дамытудың негізгі бағыты экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылды, алайда адам және оның барлық әлеуметтік салалардағы, атап айтқанда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласындағы тұрмысы бірінші орында болды. Дәл осы кезеңде аудан барлық қоғамдық өндіріс салаларын дамытуда, ең алдымен ауыл шаруашылығы, білім беру деңгейі, халыққа медициналық және тұрмыстық қызмет көрсету, мәдениет және сауданы дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.

Аудандағы халық саны 41 мың адамды құрады. Ауданда 50 клубтық мекемелер, 55 кітапхана жұмыс жасады.

Қоғамдық шаруашылықта 50000 ірі қара мал, 100 мыңнан астам қой, 5400 жылқы, 4500 шошқа болды, жеке қоналқалық үй аса дамыған, 18000 ірі қара мал, 19000 қой, 3400 жылқы, 4500 шошқа болды.

Осы жылдары қоғам үшін маңызды объектілердің, атап айтқанда мектептер, бала бақшалар мен сауда орталықтарының құрылысы аяқталды.

Жыл сайын барлық қаржыландыру дереккөздері бойынша 15000 шаршы меетр тұрғын үй бой көтеріп отырады. Елді мекендерді көркейту бойынша айтарлықтай зор іс тындырылды.

Бүгінгі күні ауданның агроөнеркәсіптік кешені негізгі бағыты елдің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылатын «2006-20010 жылдарға арналған Железин ауданының АӨК тұрақты дамытудың өңірлік бағдарламасымен» белгіленген міндеттерді іске асыруға елеулі жұмыс атқаруда. Егіншілік шаруашылығы мен мал шаруашылығы табысты дамуда, қазақтың ақ басты ірі қара мал тұқымын өсіретін екі мал шаруашылығы бар. Аудан аумағында келесі кіші кәсіпкерлік субъектілері тіркелді: 22 ЖШС, 550 жеке тұлға, 236 қожалық иелігі, 314 жеке кәсіпкерлер.

Ауданда 38 жалпы білім беру мектептері, 34 медициналық пункттер жұмыс істейді, ал 2009 жылғы 26 желтоқсанда бір ауысымда 100 қабылдау жасай алатын поликлиникасы бар 60 стационарлық орынға арналған жаңа аудандық аурухана ашылды. Аудандық мәдени мекемелері желісі кең ауқымда дамыған.

Железин ауданының тумасы болып табылатын көптеген атақты адамдар өздерінің кіші отандарында ғана емес, сонымен қатар ауданнан тысқары жерлерге де танымал болып табылады. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылымдар академиясының, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерия академиясының, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп академиясының академигі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халықаралық Еуропа сыйлығының лауреаты Уәлиев Ғақып; Қазақ КСР еңбек сіңірген қызметкері Рақманқұлов Тәукен Рақманқұлұлы; Саяси және қоғамдық қайраткер, педагог Уәлиева Күлжиян; Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі Саттыбаев Уәли; Социалистік Еңбек Ері Жүсіпов Жылқыбай Қайыргелдіұлы және Трусов Михаил Иванович; Денсаулық сақтау үздігі, Павлодар облыстық Санитариялық ағарту үйінің бас дәрігері Сеременко Леонид Иванович; Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері Засухина Валентина Матвеевна.