«Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы. Павлодар облысы: жаңа тарих беттері» фотоқұжаттық көрмеге қысқаша шолу

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 27 қаңтардағы № 1144 Жарлығымен, Тәуелсіздік пен мемлекеттілікті, Қазақстан халқының рухани-мәдени бірлігін одан әрі нығайту және үдемелі даму мақсатында 2011 жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы жылы болып жарияланды.

Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған фотоқұжаттық көрме осы атаулы оқиғаға арналған. Көрмеге қойылған Тәуелсіздіктің 20 жылдық кезеңінде Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық, мәдени, қоғамдық-саяси дамуы жөнінде баяндайтын құжаттар Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының, Қазақстан Республикасы Ұлттық кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатының, Павлодар облысы мемлекеттік мұрағатының, Екібастұз қаласының мемлекеттік мұрағатының қорларынан алынған және олардың көп бөлігі аса құнды құжаттар болып табылады.

Осы құжаттар тарихи аспектіде Тәуелсіздікке қол жеткізу үрдісін, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы – бұл тек қана 2011 жылдың қорытындысы емес, бұл тәуелсіз мемлекеттің барлық жылдарының қорытындысы болып табылатындығын көрсетеді. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрес ХХ ғасырдың бас кезінде бастау алған болатын.

 

«ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ТАРИХЫНАН»

 

ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары кеңес билігі көшпенділерді күшпен отырықшылыққа көшіру шараларын жүзеге асырды. 1924 жылғы қазан айынан 1933 жылға дейін Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы қызметін Филипп Исаевич Голощекин атқарған болатын. Қазақстандағы кеңес билігінің орнауы, яғни «Кіші Қазан» түсінігі Ф. Голощекинмен байланыстырылды.

Көрмеге Қазақстанның халық шаруашылығын қайта құрудағы қателіктер мен бұрмалаушылықтар, ашаршылық және оның салдары туралы БКП(б)П-ның Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысына жолданған «Бесеудің хаты» атымен белгілі Ғ. Мүсіреповтің, М. Ғатауллиннің, М. Дәулетқалиевтің, А. Алтынбековтің, Қ. Қуанышевтің 1932 жылғы 4 шілдедегі хаты назарға ұсынылды. Сонымен қатар, көрмеге мал шаруашылығын дамытудағы, көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды ұжымдастырудағы БКП(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бұрмалаушылықтары мен жіберген қателіктерін әшкерлеген Ғ. Ысқақовтың, И. Кабуловтың, Ж. Арыстановтың, Б. Айбасовтың, Ғ. Тоғжановтың 1933 жылғы 24 ақпандағы «Алтаудың хаты» атымен белгілі Иосиф Сталинге жолданған хатын көре аласыздар.

Тәуелсіздік үшін күрестің жарқын әрі қайғылы беттерінің қатарына 1986 жылғы Алматы қаласындағы желтоқсан оқиғаларын жатқызамыз. 1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы ОК-нің Пленумында Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы А. Қонаев қызметінен босатылып, оның орнына бұдан бұрын Ульяновск обкомының бірінші хатшысы қызметін атқарған, өзі басқаруға тиісті халықтың тілін, дәстүрлерін, мәдениетін білмейтін Г.В. Колбин тағайындалды. Республиканың ұлттық мүдделерін аяққа таптау ашық және өткір қарсыласуға тап болды. Бұл 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматыдағы қазақ жастарының бас көтеруінен көрініс тапты.

Осы оқиғаларға қатысқандардың қатарында Алматы мемлекеттік театралды-көркем институтының ІV курс студенті Айтмырзаев Құрманғазы болған еді. 1987 жылғы 20 маусымда Алматы қалалық сотының шешімімен Айтмырзаев Құрманғазы Қазақ КСР-ның қылмыстық кодексінің 60 және 65 баптарына сәйкес қатаң тәртіпте кінәсін өтеу мекемесінде 4 жыл бас бостандығынан айрылды.

Қазақстан Республикасының Президентінің 1991 жылғы 12 желтоқсандағы «1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығымен осы оқиғаларға қатысқан адамдар негізсіз айыпталды деп танылды.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес Айтмырзаев Құрманғазы толығымен ақталды. Қ. Айтмырзаевтың жеке тектік қоры облыстық мұрағатта сақталған. Оның өмірбаяны, сол күндер туралы естеліктері, ақталып шыққандығы туралы анықтама көрермендерінің назарынан тыс қалмайды деген ойдамыз.

 

 

«СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ ПОЛИГОНЫНЫҢ ЖАБЫЛУЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДАҒЫ ҚАДАМ»

 

Семей сынақ полигоны – бұл әлемде ядролық қару сыналған ірі полигондардың бірі. Семей полигонының 40 жылдық қызметі бұрынғы Кеңес Одағының қарулану тарихында орын алған ірі кезеңдердің бірі болып табылады.

1949 жылғы 29 тамыздағы алғашқы ядролық жарылыстан бері осы полигонда 468 ядролық сынақ өткізілді. 1949-1962 жылдар аралығында 30 сынақ жерде өткізіліп, 88 ядролық құрылғы әуеде сыналды. Соның ішінде алғашқы термоядролық құрылғы (1953 жылғы 12 тамызда) және алғашқы сутекті бомба (1955 жылғы 22 қарашада), 6 құрылғы жоғары биіктікте және космоста сыналды. Жерүсті сынақтардан басқа полигонда 340 жерасты сынақтары іске асырылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен полигон жабылды. Алайда полигон аумағындағы және оған жақын аймақтар ластанып қала берді. Полигон жабылуы туралы Жарлықты көрмеде көре аласыздар.

Бұдан басқа көрмеде «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысының қызметі туралы мәлімет беретін құжаттармен таныса аласыздар: қозғалыс басшысы О. Сүлейменовтің; жазушы, қоғам қайраткері М. Әуезовтің; Әлемді қорғау Кеңестік комитетінің төрағасы Г. Боровиктің әскери полигон жұмысшыларымен кездесу кезіндегі фотосуреттері, Семей ядролық полигонының жабылуы туралы құжаттар.

«МЕМЛЕКЕТТІК ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЖАРИЯЛАНУЫ»

 

Кеңес Одағындағы экономика, әлеуметтік-құрылымдық, қоғамдық және саяси салаларындағы жүйелік дезинтеграция үрдістері 1991 жылғы 26 желтоқсанда КСРО-ның ыдырауына алып келді. КСРО-ның ыдырауы оның құрамында болған 15 республиканың тәуелсіз мемлекеттерге айналуына және олардың әлемдік саяси аренада өздерінің дербес мемлекеттер ретінде дамуына жол ашты.

Бүкіл 1991 жыл Қазақстанның өз Тәуелсіздігін алуына алдын-ала жағдай жасаған оқиғаларға толы болды.

1991 жылы Жоғарғы Кеңестің шешімімен сайланған президенттің қызмет орны тағайындалды. Жоғарғы Кеңестің Төрағасы және Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бірінші хатшысы болған Н. Назарбаев тұңғыш президент болып сайланды.

1991 жылғы 16 қазанда мемлекет басшысы Қазақ КСР-ның Президентін сайлау туралы Заңға қол қойды және сол бойынша алғашқы рет ел көшбасшысын бүкілхалықтық сайлау жүзеге асты.

1991 жылғы 1 желтоқсанда алғаш рет Қазақ КСР-ның Президентін бүкілхалықтық сайлау өтті. Жоғарғы Кеңес республикадағы барлық партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың, көпұлтты халықтың елеулі бөлігінен қолдау тапқан тек бір ғана Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды. Сол уақыттан бастап 20 жыл бойы Н.Ә. Назарбаев мемлекетіміздің дара көшбасшысы болып табылады.

1991 жылғы 10 желтоқсанда Алматы қаласындағы Республика Сарайында алғаш рет бүкілхалықтық сайлау арқылы сайланған Президенттің қызметке тағайындалу рәсіміне арналған Жоғарғы Кеңес отырысы өтті. Конституцияға сәйкес Н.Ә. Назарбаев халық алдында ант берді және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Президентінің қызметке кірісуі туралы» қаулысы қабылданды.

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына қол қойды және осы Заң бойынша Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет болып жарияланды. Қазақстан алғаш рет тәуелсіз мемлекет мәртебесіне қол жеткізді. АҚШ Президенті Дж. Буштің, Ұлыбритания Премьер-Министрі Д. Мейджордың, алыс және жақын шетел мемлекет басшыларының құттықтау хаттары, жеделхаттары, әлем қауымдастығының біздің елімізді тәуелсіз деп танығанының дәлелі.

 

 

«ЕЛТАҢБА, ТУ, ӘНҰРАН – МЕМЛЕКЕТТІЛІК ПЕН ЕГЕМЕНДІКТІҢ АЖЫРАМАС НЫШАНДАРЫ»

 

1992 жылғы 4 маусымда мемлекет басшысы «Қазақстан Республи-касының мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасы мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдарына қол қойды. Осы Заңдарды сіздер бұл бөлімнен көре аласыздар.

Мемлекеттік елтаңбада геральдика тілінде бейбітсүйгіш қазақ халқының ділі бейнеленген. Сол жағында ұлттық оюлармен өрнектелген және ортасында биікке самғаған бүркіттің бейнесі көрсетілген көгілдір ту еліміздің бостандығын, тәуелсіздігі мен егемендігін бейнелейді. Тудың авторы – Шәке Ниязбеков. Елтаңба мен Ту 1992 жылы заңды түрде қабылданып, бүгінгі күнге дейін өзгертілмеді.

Қазақстан Республикасы Әнұранының музыкалық редакциясы ҚР-ның 1992 жылғы 4 маусымдағы Заңымен, ал оның мәтіні ҚР-ның 1992 жылғы 26 қарашадағы Заңымен бекітілді. 2006 жылғы 7 қаңтарда бұдан бұрын 1956 жылы Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжмиденов жазып шығарған «Менің Қазақстаным» атты көпшілікке танымал ән Қазақстан Республикасының Әнұраны ретінде бекітілді. Бұл әннің мәтініне ҚР-ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілі бір түзетулер енгізгендіктен оның авторларының бірі болып саналады.

Сонымен қатар, әнұранның орындалу ережелеріне де біршама өзгертулер жасалды. 2006 жылдан бастап салтанатты рәсімдерде әнұран орындалған кезде қатысушылар орындарынан тұрып, өздерінің оң жақ қолдарының алақанын оң жақ кеуделеріне басулары тиіс.

 

 

«ҚАЗАҚСТАН АЛЮМИНИЙІ» АҚ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТҮСТІ МЕТАЛЛУРГИЯСЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ

 

«Қазақстан алюминийі» АҚ – бұрынғы Павлодар алюминий зауыты (ПАЗ) – Қазақстанның ірі кәсіпорындарының бірі.

Кәсіпорын алюминий тотығын (глинозем), сондай-ақ боксит, изәк тас, отқа төзімді саз, құйыршық тас, галий, алюминий сульфатын өндіріп, өңдейді және олардың сатылымын жүзеге асырады.

1997 жылғы 7 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев жаңа кәсіпорын – Павлодар электролиз зауыты құырылысының бастамасын бейнелейтін капсуланы құрылыс алаңында қалады. Бұл мемлекет басшысының қазақстандық алюминийді өндіру туралы арманын жүзеге асыруға тиіс болды.

«Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамы ENRC (бұрынғы ЕПА) кәсіпорындар тобына енеді және көлемі бойынша тоғызыншы ірі өнім жеткізуші болып табылады.

 

 

«ҚАЗАҚСТАН ЭЛЕКТРОЛИЗ ЗАУЫТЫ» АҚ – ЕГЕМЕНДІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕТАЛЛУРГИЯЛЫҚ АЛПАУЫТЫ

 

«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ (ҚЭЗ) – Қазақстан Республикасында алюминий өндіретін жалғыз кәсіпорын. Зауыт Павлодар қаласында орналасқан.

Аталмыш өндірістік кәсіпоры Қазақстанда металлургияға және кен өндіру өнеркәсібіне ірі жеке қаражат (капитал) жұмсаудың және елде алюминийлік кластерді тиімді дамытудың негізгі элементі болып табылады.

Қазақстан электролиз зауыты – Павлодар облысында іске асқан бес ұтқыр жобаларының бірі. «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ бастапқы алюминийді өндіруге мамандандырылған.

Зауыт негізінде өндірістің толық топтамасын боксит, алюминий тотығын (глинозем), «қанатты металды» өндіруді қамтитын металлургиялық кластер құрылды. «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және оның бас серіктесі «Қазақстан алюминийі» АҚ ірі отандық металлургия және кен өндіру кәсіпорындарын біріктіретін Eurasian Natural Resources Corporation (ENRC) холдингі құрамына енді.

Бастапқы қуаты жылына 62 500 тонна алюминий және жоспарлы қуаты 125 000 тонна алюминий өндіретін зауыт құрылысы 2007 жылғы желтоқсанда аяқталды. Бүгінгі күні бірінші кезектегі объектілердің құрылысы аяқталуымен қатар екінші кезектегі объектілердің құрылысы жалғасуда.

 

«ПАВЛОДАР МҰНАЙ-ХИМИЯ ЗАУЫТЫ» АҚ. КӘСІПОРЫННЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУЫНДАҒЫ ЖАҢА КЕЗЕҢ

 

«ПМХЗ» АҚ мұнай, сондай-ақ мұнай өнімдерін өңдейтін және іске асыратын республикадағы ірі кәсіпорындардың бірі болып табылады. ПМХЗ бензин, дизельдік жанармай, реактивті жанармай, мазут, газ, битум, мұнай коксын және күкірт өндіреді. Зауыттың жобалық қуаты жылына 7,5 млн. тонна мұнайды құрайды. Мұнай отын (жағу) нұсқасы бойынша өңделеді және өңделу тереңдігінің 85 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл әлемдегі мұнай өнімдерін өндіретін үздік өндірушілер деңгейіне сәйкес келеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 1994, 1997 жылдары зауытта сапармен болып қайтты.

2009 жылғы тамыздан кәсіпорын «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының қатарына енді.

Бүгінгі күні ПМХЗ республикада технологиясы қазіргі заман талабына сай келетін кәсіпорын болып табылады. Мұнда төрт мың білікті маман және жұмысша еңбек етеді.

Зауыт өндіретін мұнай өнімдерінің сапасын үдемелі жоғарылата отырып, олардың ассортиментін кеңейтуде. Технологиялық қондырғыларды жөндеуге жетекші шетел фирмалары шақыралды.

 

 

ЕКІБАСТҰЗ – КӨМІР ӨНДІРУШІЛЕР МЕН ЭНЕРГЕТИКТЕР ҚАЛАСЫ

 

Екібастұз барша әлемге өзінің бірегей кәсіпорындарымен белгілі. Айтарлықтай қысқа мерзімде қазақ даласында бой көтерген қала замандастары үшін аңыз қалаға айналды. Екібастұзда озат технология іске асырылып, жаңа (заманауи) құрал-жабдықтар сыналды.

Көрмеге даңқты қаланың негізгі жетістіктері ұсынылып отыр.

«Богатырь» кеніші, қазіргі «Богатырь Көмір» ЖШС осындай ірі қуаттағы кеніш әлемде алғаш құрылды. Бұған байланысты «Богатырь» кеніші Гиннес рекордтра кітабына (іске қосылғаннан бері 1 млрд тоннадан астам көмір өндірілді) енгізілді. Оның өнімділік қуаты жылына 50 млн тонна көмірді құрайды.

Екібастұз ГРЭС-2-і. ГРЭС-2 энергиясы солтүстік Қазақстанды қамсыздандыруға арналған және республикада тұтынылатын энергияның 15 пайызын өтейді. Энегия тұтынушылар қатарында тек қазақстандық қана емес, сондай-ақ ресейлік кәсіпорындар бар. Соның ішінде «Қазақстан Темір жолы РМК, «Байқоңыр» космодромы, Ертіс-Қарағанды каналы.

1998 жылы қыркүйекте өткен Екібастұз мешітінің ашылу салтанатына Қазақстан муфтийі Ратбек қажы қатысқан болатын. Қалалық сәулетші Жеңіс Қайдаровтың жобасы бойынша бой көтерген мешіт қала сәніне айналып, республикада ең көркем мешіттердің бірі деп танылды.

 

 

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ»

Н.Ә. НАЗАРБАЕВ

 

1989 жылы Алматы қаласында «Қазақ КСР-дағы тілдер туралы» заң қабылданды. Осы заңға сәйкес қазақ және орыс тілдерінің мәртбесі айқындалды. Онда «Қазақ КСР-ның мемлекеттік тілі қазақ тілі болып табылады», ал орыс тілі «ұлтаралық қатынас тілі болып табылады» делінген.

Бұл бөлімде мемлекеттік тілдің мәртебесі, оны білудің маңыздылығы, Павлодар облысында «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңының жүзеге асуы туралы, Павлодар облысындағы мемлекеттік тілдің дамуы жөніндегі жұмыстардың барысы және т.б. құжаттар назарларыңызға ұсынылған.

 

 

«ҰЛТАРАЛЫҚ КЕЛЕСІМ – МЕМЛЕКЕТ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ БАСТЫ ТІРЕГІ»

 

1995 жылғы 1 мамырда Қазақстан халқы Ассамблеясы және Павлодар облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Павлодар облысының аумағында 100-ге жуық ұлт өкілдері тұрады. Алғашқы ұлттық-мәдени бірлестіктер (кәріс, татар-башқұрт, неміс, еврей, украин, әзербайжна қоғамдық-мәдени орталықтары және Қазақстан мұсылман әйелдері лигасының филиалы) 80-ші жылдардың аяғында және 90-шы жылдардың басында құрыла бастады.

Қазіргі уақытта облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының 6 қалалық және аудандық филиалдары: Екібастұз қаласында, Ақтоғай, Қашыр, Павлодар, Шарбақты аудандарында және ҚХА филиалы – С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде стеденттер ассамблеся қызмет етеді.

Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында Рождество, Құрбан айт, Пасха, Масленница, «Қымыз мұрындық», Сабантой, Ханука, жаңа жыл, «Кер сари» және басқа мереелер өткізіледі. Мерекеге ұйымдастырушылар, қатысушылар, көрермен қауым – қала тұрғындары атсалысады.

Сіздердің назарларыңызға Қазақстан халықтары Ассамблеясының, Павлодар облысының Кіші халықтар Ассамблеясының құрылуы туралы, Павлодар облысындағы ұлттық-мәдени орталықтардың қызметі туралы құжаттар ұсынылды.

 

 

«ҚАЙТА ЖАНДАНҒАН РУХАНИЛЫҚ БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҚҰРАЛЫ»

 

Тәуелсіздігімізді алғаннан бері республикамызда және облысымызда рухани өмірдің жандану үрдісі байқалады, еліміздегі әртүрлі діни конфессиялардың өкілдері өздерінің діндерін ашық түрде ұстану құқығына ие болды, қалалар мен аудандарда шіркеулер мен мешіттер салына бастады, Павлодар қаласында католиктік шіркеу салынды, синагога ашылды.

Көрмеде Мәшһүр-Жүсіп атындағы мешіттің, Благовещенский кафедралдық соборының, католик шіркеуінің, «Рахель Үйі» синагогасының және облысымыздағы басқа да шіркеулер мен мешіттердің ашылуы туралы құжаттар көрсетілген.

 

 

DSCN0716.jpg

P1010087.JPG

P1010093.JPG

P1010094.JPG

P1010095.JPG

P1010099.JPG

P1010103.JPG

SAM_4550.JPG

SAM_4555.JPG

SAM_4565.JPG

SAM_4603.JPG

SAM_4609.JPG

SAM_4617.JPG

SAM_4620.JPG