«Азалы жылдар жаңғырғы… Годы трагедии и скорби…»атты фотоқұжаттық көрме
2012 жылғы 30 мамырда «Достық» концерт залында «Азалы жылдар жаңғырғы… Годы трагедии и скорби…» атты фотоқұжаттық көрме өтті.


Жұртшылықтың назарына ұсынылған құжаттар қазақ халқын ашаршылыққа ұшыратқан, халықтың тең жартысын өлімге душар етіп, көптеген қазақтарды күн көріс үшін туған жерінен көшуіне әкеліп соққан 1929-1933 жылдардағы БК (б) П ОК-нің және Қазақстан Коммунистік партиясы ОК-нің ғылым мен адамзатқа қарсы шығарылған қаулыларын іске асыру салдарының көріністерін айқын сипаттайды. Құжаттарда жаппай ұжымдастыру, көшпелі шаруашылықтың ерекшеліктерін есепке алмау, әкімшілік күштеу, Голощекиннің Қазақстандағы «Кіші Октябрь» саясатының тұрғылықты халықтың ашаршылыққа ұшырауына әкелгендігі туралы айтылады. Көрме Қазақстан тарихының аз зерттелген бөлігі болып табылатын 1931-1933 жылдардағы аштықтың себептерін, көлемі мен зардаптарын түсіндіруге, талдап, баға беруге мүмкіндік береді. Қалың бұқараға аталған тақырып бойынша бұрын көрсетілмеген 140-қа жуық құжат ұсынылды.


Көрме осынша орасан зор қасіретке себеп болған ХХ ғасырдың 20-жылдарының бірінші жартысындағы әлеуметтік-саяси үдерістерді; күштеп ұжымдастыру мен отырықшылдандыру, кеңес үкіметінің ауыл шаруашылығында жүргізіп жатқан реформаларына қарсы шыққан адамдарға қатысты қудалауларды сипаттайтын; аштықтың әлеуметтік-экономикалық және демографиялық салдарын анықтап, республиканың билік органдарының әрекеттерін бағалауға мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының, Қазақстан Республикасы Кинофотоқұжаттар және дыбыстық жазбалар орталық мемлекеттік мұрағатының, Орынбор облысы қазіргі заман тарих құжаттамасы орталығының, Павлодар облысының мемлекеттік мұрағатының, Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорларынан алынған құжаттарды біріктірді.


