Қабылданатын әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұранымдардың түрлері

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» № 221 Заңына сәйкес өтініштерді ұсыныс, өтініш, арыз, сұраным түрінде ұсынуға болады.

Анонимдік өтініштер мен мәселенің мәні сипатталмаған өтініштер қарастыруға жатпайды.

«Мұрағаттық анықтамаларды беру» мемлекеттік қызметін Павлодар облысының мемлекеттік мұрағаты, облыстың мемлекеттік мұрағатының аумақтық бөлімдері, жеке құрам жөніндегі Павлодар қалалық мұрағаты, Екібастұз, Ақсу қалаларының мемлекеттік мұрағаттары және Халыққа қызмет көрсету орталықтары көрсетеді.

 

Әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұранымдардың келесі түрлері қабылданады:

·       еңбек өтілін растау туралы – еңбек кітапшасының көшірмесі, жұмысқа қабылдануы мен шығарылуы жөнінде нақты мәліметтер болған жағдайда;

·       жалақы мөлшерін растау туралы – еңбек кітапшасының көшірмесі, жұмысқа қабылдануы мен шығарылуы жөнінде нақты мәліметтер болған жағдайда;  

·       оқу фактісін растау туралы – нақты оқу орны мен оқу кезеңдері көрсетілген жағдайда;

·       1861-1931, 1934 жылдары туу датасын растау туралы – Павлодар уезі мен Павлодар округінің шіркеулерінің, мешіттері мен АХАЖ органдарының құжаттары бойынша туған датасы мен жері, ата-анасы туралы нақты деректер болған жағдайда;

·       марапатталу туралы мәліметті растау туралы – марапаттау датасы және марапаттауға ұсынған ұйым жөнінде нақты деректер болған жағдайда;

·       экологиялық қауіпті аймақта тұрғаны туралы мәліметті растау туралы – тұрған жері мен мерзімі жөнінде нақты мәлімет болған жағдайда;

·       зейнетақы және әлеуметтік аударымдар мөлшерін растау туралы – еңбек кітапшасының көшірмесі, жұмысқа қабылдануы мен шығарылуы жөнінде нақты мәліметтер болған жағдайда;

·       өндіріспен байланысты жазатайым оқиғалар туралы – еңбек кітапшасының көшірмесі мен оқиға күні туралы нақты мәліметтер болған жағдайда;

Сонымен қатар, жоғарыда аталған облыстың мұрағат мекемелері келесі сұраным түрлерін орындайды:

·       нотариалдық іс-әрекеттерді растау туралы – жасалған күні, қатысушылар, нотариалды іс-әрекет нысанының мекенжайы туралы нақты деректер болған жағдайда;

·       азаматтық және қылмыстық істер бойынша сот шешімдерінің көшірмесін беру – оқиғаның күні жөнінде  нақты мәлімет болған жағдайда;

·       облыстық атқару комитетінің, облыстық әкімшіліктің, қалалық атқару комитетінің, қалалық әкімшіліктің шешімдерінің негізінде жеке меншік құқығын растау туралы – шешімнің шыққан күні туралы нақты деректер болған жағдайда;

Ғылыми дәрежелер мен атақтарды беру, емделу, эвакуацияда болу, әскери бөлімдер мен құрылымдарда қызмет ету, бас бостандығынан айру жерлерінде болу, қуғын-сүргінге ұшырау, ақтау туралы мәліметтер арнайы мұрағаттарда сақталған. Жоғарыда аталған мәліметтерді растайтын құжаттардың сақталған жері туралы түсініктемені Павлодар облысының мемлекеттік мұрағатынан алуға болады