Забвению не подлежит

Забвению не подлежит./ құраст. Е.К. Афанасьева, О.В. Бобрешова, В.Д. Болтина, К.О. Есімханова, К.О. Жанарбаева, Р.Е. Игібаева, Қ.Ғ. Мақажанова, М.С. Тереник, Л.В. Шевелева – Павлодар; Павлодар облысы әкімінің мұрағаттар және құжаттама басқармасы, 1997. – 16 б.п., 261 б. (орыс тілінде)

Кітапта сталиндік режим құрбандары, ешбір тергеусіз, жазықсыз репрессияланғандардың көптеген лагерлердегі, түрмелер мен айдаудағы кешкен азаптары туралы айтылады. Кітапты ақын, жазушы, драматург, аудармашы, педагог Жүсіпбек Аймауытов; атақты тарихшы, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ермұхан Бекмаханов; режиссер, драматург, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Жұмат Шанин; «Алаш» ұлттық партиясы Павлодар уездік комитетінің төрағасы Қабыш Бердалин; жазушы, драматург Қошмұхамбет Кемеңгеров; жазушы Зейін Шанин және т.б. сияқты ұлт зиялылары, негізсіз қуғын-сүргінге ұшыраған павлодарлық жерлестеріміз туралы очерктер ашады. Павлодар облысының мемлекеттік мұрағатында облысқа ирандықтардың, поляктардың, немістердің, шешендер мен тағы басқаларын депортациялау туралы сақталған құжаттар жеке бөлім болып жинақталды. Кітаптағы материалдардың бір бөлігі әлемге әйгілі саяхатшы ғалым Е.С. Гернет, инженер-кеме жасаушы, кеңестік сауда флотын құрған Ю.Г. Венске, «Аврора» крейсерінің капитаны В.Е. Эмме және т.б. сияқты Павлодар облысына жер аударылған «халық жаулары» мен олардың отбасы мүшелері туралы баяндайды. Басылымға бұрынғы ГУЛАГ тұтқындары мен олардың отбасы мүшелерінің естеліктері, туған-туысқандарында сақталып қалған хаттар, сондай-ақ сталиндік лагерлердің тұтқындары жазған немесе оларға арнап туыстары мен жергілікті ақындар жазған өлеңдер мен поэмалар енді.