Из истории ислама в Павлодарском Прииртышье. 1919-1999. Сбор¬ник документов. – Ертістің Павлодар өңіріндегі исламның тарихынан. 1919-1999. Құжаттар жинағы/Құраст. Болтина В.Д., Шевелёва Л.В. – Павлодар: Павлодар облысының мұрағаттар департаменті, 2001. – 28,7 шартты б.п., 492 б. (қазақ және орыс тілдерінде).
Конфессиялар тарихы бойынша, соның ішінде Павлодар Ертіс өңіріндегі ислам дінінің тарихы бойынша құжаттар жариялымының жалғасы болып табылады. Мемлекеттік органдардың дінге қатысты саясаты мәселесі көрініс тапқан. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Павлодар уезінің мектептерінде барлық діни оқуларға тыйым салу, Павлодар округінің мешіттері мен мектептерінде мұсылмандық дәрістерді оқытуды тоқтату, мешіттерді жабу және олардың үй-жайларын мәдениет, мектеп және контораларға беру туралы; 1943-1953 жылдардағы «діни қайта өрлеу» кезеңінде Павлодар қаласында мешіттің ашылуы, Ұлы Отан соғысы жылдары Елді қорғау қорына діндар мұсылмандардың қаражат жинап өткізуі туралы; дінге қарсы насихаттар жүргізу, діндарларға көрсетілген зорлық-зомбылық, қайырымдылық шараларына тыйым салу және т.б., тіркелмеген молдалардың қызметіне шектеу қою, тіркелген және тіркелмеген молдаларға салықтар салу, діни қозғалыстарды партиялық-кеңестік органдармен реттеу сияқты іс-шаралар арқылы ХХ ғасырдың 50 жылдарының аяғында көрініс алған партия аппараты мен мемлекет тарапынан дінге қатысты саясаттың қатаюы туралы; ХХ ғасырдың 90-жылдарында Павлодар облысында діннің қайта жандануы туралы мәліметтер бар.
Жинақта 22 қордан, негізінен Павлодар облысының мемлекеттік мұрағатынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатынан, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатынан, Павлодар облысы мемлекеттік мұрағаты Екібастұз филиалынан алынған 1919-1999 жылдардағы 321 құжат жарияланған. Жинаққа енген құжаттардың көбі алғаш рет жарияланып отыр. Басылымға фотоқұжаттар да енді.