Мұрағат – ел тарихы

                         Мұрағат –ел тарихы

             90 жыл бұрын, 1925 жылдың 30 шілдесінде Павлодар Ертіс өңірінің мұрағат қызметі құрылып, Павлодар уездік атқарушы комитетінің штатына президиумның қаулысымен архивариус лауазымы енгізілді.

              Мұрағат - мәдени мұра, әрі тарихи сананың қозғаушы күші. Бүгін тасқа басылған құжатқа біз бір түрлі көзқараспен қараймыз, жүз жылдан кейінгі ұрпақ мүлде басқаша көзқараспен қарайды. Бүгінгі күннің жәй ғана елеусіз бір дерегі – кейінгі тарихтың табан тіреп, ой қорытатын дәйегі. Мұрағаттың  құдіреті міне, осында!

              «Жеке құрам жөніндегі Павлодар қалалық мұрағаты» КММ  Павлодар қаласы әкімінің шешімімен 1999 жылдың шілдесінде   құрылды.  Көптеген мемлекеттік ұйым, мекеме, кәсіпорындардың   қысқартылуы мен таратылуы кезінде ведомстволық мұрағатта сақталатын   құжаттардың тағдырын шешу қалалық мұрағаттың құрылуына себеп болды.

              Павлодар қаласының мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың құжаттарын жинақтау, бір ортадан сақтау және сақталуын қамтамасыз ету мен пайдалану жеке құрам жөніндегі Павлодар қалалық мұрағатының негізгі мақсаты. 

              Қарап алғанда, ұйым, мекеме, кәсіпорындардың  жеке құрам жөніндегі құжаттары -  тарихи маңызы бар көздердің ең аз зерттелген түрі, өйткені олар бұрын мақсатты түрде мемлекеттік мұрағаттарға тапсырылмағандықтан, ведомстволық сақтау жағдайында пайдалану біраз қиындықтар туғызды.

              Жеке құрам жөніндегі құжаттардың   ерекшелігі  болып бірыңғайланған ресми құжаттардың түрлері енеді: жеке құрам жөніндегі бұйрықтар, еңбек кітапшалары, жұмысшылар мен қызметкерлердің жеке карточкалары, еңбек ақыны есептеу жөніндегі құжаттар (есепшоттар, жеке шоттар), сонымен қатар сол ұйымның ерекше құжаттары: қызметкерлердің жеке істері, еңбек шарттары, келісімшарттар, зиянды жұмыс жағдайында істеген қызметкерлердің тізімі, қызметкерлерді мадақтау мен марапаттау туралы құжаттар, өндірістік жарақат алу туралы т.б.

              Бұл құжаттар қызметкердің еңбек және әлеуметтік белсенділігін, өндірістік өтілін, пайда көлемі мен салық төлеуді есептеу үшін нақты жұмыс орнында жүргізіледі, өйткені оның зейнеткерлікке шыққан кезінде зейнетақылық жәрдемақысының көлемін анықтап, түрлі жеңілдіктер мен өтемақы   алу құқығын белгілейді. Атап айтқанда,  еңбек және зейнеткерлік құқық саласы мемлекеттік саясат аясында осындай ретте жеке құрам жөніндегі құжаттарда   қаралады. Осы саясатқа сәйкес мұндай құжаттар тиесілі зейнеткерлік құқық заңы бойынша жүзеге асырылғаннан кейін жойылады. Сондықтан да, сол себептен бүгін қолданылып жүрген жеке құрам жөніндегі құжаттар   Тізбесінде  сақтау мерзімі 10 жылдан 75 жылға дейін көрсетілген.

              2015 жылдың 1 шілдесіне Павлодар қалалық мұрағатының қоймаларында  400-ден аса кәсіпорын, ұйым мен мекемелердің 125,0 мыңдай істері топтастырылып сақталады.

               Мұрағатшылардың қызметі әлеуметтік тұрғыда бағытталған. Өйткені азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қанағаттандыру осы қызметке байланысты. Жеке құрам жөніндегі қалалық мұрағат мұрағатшыларының қызметіндегі негізгі басымдық - азаматтардың сұранымдарын сапалы және уақытында орындау, оны істеу үшін құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету болып есептеледі.

              Жылсайын мұрағаттың анықтама үстелінде төрт мыңнан аса адамға кеңес беріліп, жылына жеке және заңды тұлғалардың сұранымдарына 4-4,5 мың жауап қайтарылады.

              Әр кез келген адам мұрағатқа үмітпен келеді, осы жерден  түсініс пен көмек алатынына сенеді. Сондықтан мұрағатқа келген адамның үміті  үзілмейтіндей,  көңіліне қарай сәйкес болу өте маңызды.  

              Мұрағаттың фойесінде азаматтарға қолайлы жағдай жасалынып, анықтама үстелінің жұмысы үшін жеке орын бөлінген. Бұл жерде келушілер өздерінің өтініштерін жазып, мұрағаттық анықтамалардың үлгілерімен,  «Ұлттық мұрағаттық қор және мұрағаттар туралы» Заңының баптарымен, Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексімен, мемлекеттік қызмет көрсету Стандартымен танысып, дайын болған анықтамаларды ала алады.

              Мұрағат жұмысының күрделілігіне қарамастан, жеке құрам жөніндегі Павлодар қалалық мұрағатының мұрағатшылары өз жұмыстарының әлеуметтік маңызы бар қызмет екенін жете түсініп, бар күштерін азаматтардың заңды құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын жүзеге асыру жөнінде көмек көрсетеді.

 

 

Жеке құрам жөніндегі Павлодар

қалалық мұрағатының басшысы                                                                                                                                                  Салтанат Сүлейменова