Бүгінгі қоғам өмірі ертеңгі ұрпаққа қалар тарих. Қазіргі техника заманы өркендеп тұрған уақытта , телевидение, радио , интернет бар жаңалықтарды жеткізеді дегенмен қоғамда баспасөздің алар орны ерекше. Биыл оқырманның көзі мен құлағы болған сүйікті газетіміз 75 жасқа толып отыр. «Ақжол»-«Новый путь» газеті ұжымы туған өлкеміздің тарихымен, бүгінгі тыныс-тіршілігін оқырманға уақытылы жеткізуге бар күш жігерін, білімін арнайды. Ал енді осы уақыт ішіндегі төл газетіміздің бастапқы жылдарғы тарихына көз жүгіртсек мына деректерге қанық бола аламыз.
1938 жылдың 18 сәуірінде Қазақстан Компартиясы Каганович аудандық атқару комитеті бюросының отырысында Каганович аудандық комитеті және аудандық жұмысшы шаруалар мен қызыләскер депутаттары органы аудандық «Сталин жолы» газетін ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Газеттің алғашқы саны 1938 жылдың 1 мамырында қазақ тілінде жарық көрді. Оның таралымы бір жылда 1000 дананы құрады. Газет айына 5 рет шығарылып отырды. Басында газеттің бас редакторы уақытша Валиев болып, кейіннен 1945-1960 жылдар аралығында Абдрахманов Капан, Амиров Арын, З. Оспанов,А.Г. Джулаев, К.А. Ахметовтар тұрақты бас редактор қызметін атқарады. Ал 1961 жылдан бастап «Новый путь» газетінде бас редактор болып М.М. Сорокин көп жыл еңбек етеді.
1948 жылы газеттің бір жылғы таралымы 1050-ге жетіп, айына 4 рет шығарылса, ал 1952 жылдың сәуірінен бастап газет аптасына 2 рет жарық көре бастады.
1956 жылғы 12 желтоқсанда өткізілген Қазақстан Компартиясы Павлодар облыстық комитетінің бюросының отырысында «Сталин жолы» (Путь Сталина) газетінің атауын «Ленин жолы» (Путь Ильича) болып өзгерту мәселесі талқыланып, газет қазақ және орыс тілдерінде шығарыла бастады.
1962 жылдың 1 мамырында Ермак аудандық «Путь Ильича» газетінің атауы «Путь Ленина» болып қайта өзгертілді.
1962 жылдың 30 мамырынан «Путь Ленина» аудандық газеті «Новый путь» болып атауы өзгертіліп, Ермак өндіріс басқармасы, өнеркәсіп партия комитеті, Ермак аудандық және қалалық еңбекші депутаттары кеңесінің органы болып басылым тек орыс тілінде ғана шыға бастады.
«Сталин жолы» газеті «Ленин жолы» (Путь Ильича), «Путь Ленина», кейіннен «Новый путь» болып атаулары бірнеше рет өзгертіліп, 1963 жылға дейін Павлодар облыстық мәдениет басқармасы баспасөз кәсіпорны мен басылымы бөліміне бағынады.
1963 жылы, Одақтас Республикалар министрлер кеңесінің баспасөз бойынша мемлекеттік комитетінің құрылуына байланысты, газет редакциясы Павлодар облыстық
баспасөз басқармасының қарамағына берілді.
1977 жылдың 7 қаңтарынан, КСРО-ның жаңа Конституциясының қабылдауына байланысты, аудандық «Новый путь» газеті Қазақстан Компартиясы Ермак аудандық және қалалық еңбекші депутататтары кеңесінің органы болып, редакция Павлодар
облыстық басылым, баспасөз және кітап саудасы басқармасына бағынды.
1938-1961 жылдары аудандық «Новый путь» газетінің редакциясы Ермак кентінде орналасты. Павлодар облыстық еңбекші депутаттары кеңесінің 1961 жылғы 29 сәуірдегі № 171/19 шешімі негізінде Ермак кенті қала санатына енгізіліп, редакция 1961 жылдан Ермак қаласына көшірілді.
Бұл айтылған деректер газеттің бастапқы тарихының бір бөлігі ғана.
Бүгінгі таңда қос газет ұжымы бір шаңырақтың астында бірлесе қажырлы еңбек етіп, өз оқырмандарының көңілінен шығуда.
Еліміз тәуелсіздік алғалы ана тіліміздің мәртебесі артып, қазақ тіліндегі басылымдар мен оқырмандардың саны артты.
Ақсу қалалық «Ақжол» газетінің алғашқы саны 1992 жылғы 7 қаңтарда жарық көрді.
1995 жылдан 2012 жылдың мамыр айына дейін басылым «Ақжол-Новый путь» газеті болып екі тілде, қазақ және орыс тілдерінде шығарыла бастады.
Бүгінгі «Ақсу жолы» айдарымен жарық көріп отырған газет 2012 жылдың 16 мамырынан бастап жарыққа шықты.
1992-1999 жылдары «Ақжол» газетінің алғашқы редакторы болып Қайыр Бәйтенұлы Жүнісқали қызмет атқарды.
1995 жылы туындаған экономикалық қиындықтарға байланысты «Ақжол» газеті «Новый путь» редакциясымен біріктіріліп, 1999 жылдан бастап 2012 жылдың 16 мамырына дейін «Ақжол-Новый путь» газетінің редакторы қызметін Сәбира Елубайқызы Сағынай атқарды.
2012 жылы «Ақжол» газеті «Новый путь» газетінен бөлініп шығып, «Ақсу жолы» газеті деп атауын өзгертіп, осы 2012 жылдың мамыр айынан 2013 жылдың ақпан айына дейін аталмыш газетке Сәбира Сағынай басшылық етті.
2013 жылдың ақпан айынан бастап «Ақсу жолы» газетінің редакторы қызметін Ерсін Нұрмағамбетұлы атқаруда. Аталмыш газет аптасына 2 рет-сәрсенбі және сенбі күндері тек қазақ тілінде шығады. Таралымы-1400 дана.
Біздің мұрағат қызметкерлері газет редакциясымен тығыз байланыс жасап отырады. Мұрағат қызметкерлерінің белгіленген жұмыс жоспарына сай түрлі тақырыптарда мұрағатта сақталатын құжаттар негізінде газет беттеріне қазақ және орыс тілдерінде мақалалары жарияланады. Сонымен қатар, мұрағатта «Новый путь», «Ақжол» –«Новый путь», «Ақсу жолы» газеттерінің 1974-2012 жылдарға тігінділері сақталған.
Мұрағатқа келген кез келген зерттеушілер мен оқырмандар газет тігінділерін парақтай отыра, біздің өлкеміздің ерлікке толы тарихы, әртүрлі себептермен тағдыр тоғыстырған түрлі адамдардың өмірі, өңіріміздің бүгінгі саяси және әлеуметтік тыныс-тіршілігі, қоғамдағы маңызды мәселелер туралы ақпараттар ілегімен танысуға мол мүмкіндік алары анық.
Төл газетімізге өркендеу мен жаңа оқырмандар, газет ұжымына болса - оқиғаларға деген жаңа көзқарастар, кәсіби шеберлік тілейміз.
Автор: У. Жиленбетова, Ақсу қаласының мемлекеттік мұрағатының мұрағатшысы
Источник: «Ақсу жолы» - 2013 жылғы 18 мамыр - № 37