1938 жылы құрылған облыстың мемлекеттік мұрағатында 1766-2009 жылдардағы Павлодар облысының мекемелері, ұйымдары мен кәсіпорындарының басқару, ғылыми-техникалық, аудиовизуалдық құжаттамалары және азаматтардың жеке құжаттарының 570 мыңнан астам сақтау бірлігі бар. Бұл құжаттар өлке тарихының түрлі аспектілері бойынша мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Павлодар облысы мемлекеттік мұрағатының құжаттарында Ертістің Павлодар өңірінің тарихы бойынша VIII ғасырдың екінші жартысынан бергі мәліметтер жинақталған. Мұрағатта сақталатын құжаттардың жалпы көлемінде бұл құжаттардың үлесі 1 пайыздан да төмен. Олар мемлекеттік сақтауға жеке тектік қорлар мен кейбір мекемелердің, ұйымдар мен кәсіпорындар қорларының құрамында тапсырылған.
Павлодар облысының мемлекеттік мұрағатында сақталатын құжаттардың негізгі бөлігі кеңестік дәуірге және Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде құрылу, қалыптасу және даму кезеңіне жатады.
Билік пен басқару Павлодар уездік және округтік органдарының қорларында Ертістің Павлодар өңірінде кеңес өкіметін орнату, экономиканы қалпына келтіру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, мәдени құрылыс көрініс табады. Сол кездегі оқиғалар, Павлодар комсомолын ұйымдастырушыларының бірі Н.Ф. Калининнің, Баянауылдың бірінші әйел-коммунисі Т.Л.Комарова-Бельденинованың; 20-жылдардағы комсомол И.Ф.Ройдың жеке тектік қорларында да көп байқалады.
1938 жылы Павлодар облысы құрылғаннан кейін Ертістің Павлодар өңірі тарихының жаңа кезеңі басталады. Павлодар облысының экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуының маңызды мәселелері қалай қарастырылып, шешілгені туралы облыстық, аудандық, қалалық депутаттар кеңестері сессияларының, олардың атқару комитеттері мәжілістерінің хаттамалары мәлімет береді.
Сталиндік дәуірдегі жаппай саяси қуғын-сүргіндер туралы 30-40-жылдары және 50-жылдардың басында негізсіз қуғын-сүргінге ұшырағандардың құжаттары мен істер топтамасы мәлімдейді. Оның ең құнды бөлігін лагерьлерде тірі қалған қуғын-сүргінге ұшырағандардың естеліктері, тұтқындардың хаттары, фотосуреттері, қайтыс болғаны (атылғаны) туралы куәліктер құрайды. Топтамаға саяси және қоғам қайраткері К.Бердалиннің; ғалым-саяхатшы, Арктиканы зерттеуші Е.С.Гернеттің; Павлодар ауыл шаруашылығын механизациялау мектебінің оқытушысы С.Жүсіпбековтың; тарих ғылымының докторы, Вена университеті мен Қазақ пединститутының профессоры П.П.Кунтенің (Бруннер); ғалым, атақты «Катюша» реактивті қаруын құрастырушыларының бірі Г.Э.Лангемактің; партия қызметкері М.Н.Нұрпейісовтың; Үрлітүп ауданы «Заря» колхозының төрағасы О.Тінәлиевтің және басқалардың құжаттары енді. Топтамада екі жарым мыңға жуық адам туралы мәлімет бар.
Құжаттардың ірі кешені жерлестеріміздің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері туралы куәландырады. Облыстық мекемелердің, ұйымдар мен кәсіпорындардың қорлары облыс еңбекшілерінің Ұлы Жеңіске қосқан зор үлесі туралы баяндайды. Жеке тектік құжаттардан Азаматтық және Ұлы Отан соғыстарына қатысқандардың естеліктері және құжаттары, істер топтамалары, Кеңес Одағы Батырларының, еңбек әскерлерінің құжаттары мен істер топтамалары құрастырылды. Ұлы Отан соғысына қатысқан Р.Ж.Аликовтың, С.Ф.Гончаровтың, З.П.Ереминаның, Г.В.Путинцевтің және басқалардың, сондай-ақ тыл еңбекшілері, соғыс жылдарында жоғары астық топтарын құру қозғалысының бастамашысы А.И.Дацкованың; депортацияланған поляктарды орналастырумен айналысқан А.М.Захарованың жеке тектік қорларында соғыс жылдары туралы көптеген қызықты мәліметтер баршылық.
ХХ ғасырдың екінші жартысындағы облыс экономикасының дамуын сипаттайтын құжаттар жергілікті билік органдарының және халық шаруашылығы басқармасының қорларында, сондай-ақ Павлодар облысының өндірістік және ауылшаруашылық кәсіпорындарының қорларында жинақталған.
Павлодар облысы мемлекеттік мұрағаты құжаттарының үлкен кешенін Павлодар облысының ЖЭО, темірбетон өнімдері кәсіпорындарының, өндірістік, тұрмыстық және мәдени мақсаттағы ғимараттардың, жол құрылысы мен совхоз жерлерінің жобаларынан тұратын ғылыми-техникалық құжаттама құрайды.
Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, Ленин сыйлығының лауреаты Г.Г. Берестовскийдің; ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты, Социалистік Еңбек Ері Я.Я. Герингтің; медицина ғылымдарының кандидаты, хирург, рационализатор С.Б. Иманғазиновтың; экономика ғылымдарының кандидаты О.К. Қожановтың; философия ғылымдарының кандидаты, журналист В.С. Молотовтың; филология ғылымдарының кандидаты, Павлодар пединститутының профессоры В.В. Мухиннің; ғалым, академик, Қазақ КСР Ғылым академиясының бірінші президенті Қ.И. Сәтбаевтың; техника ғылымдарының кандидаты, өнертапқыш О.Г. Сосновскийдің; педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Т.Р. Шаймерденовтың және басқаларының жеке құжаттары Павлодар облысында ғылымның дамуы туралы мәлімет береді.